BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Жамбылдық мұғалімдер «Үшбас» атты жаңа асық ойынын ойлап тапты

Фото: ашық дереккөзден

Аталған өнертабыстың ерекшелігі, оны арнайы үстел үстінде ойнайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жоба нағыз қазақы болмысқа тән, ұлттық салт-дәстүрге негізделе отырып заманауи үлгіде жасалған. Мамандар бұл әсіресе мектеп жасына дейінгі балалардың өрісін кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытуға бағытталған деп отыр. Өнертапқыштар бұл туындыны инновациялық ойын деп санайды.

Жаңа ойын «Үшбас» деп аталады. Оны жергілікті педагогикалық университеттің үш оқытушысы бірлесіп ойлап шығарыпты. Ойынның кейбір тұсы тастаяқ пен футбол ойындарының элементтеріне ұқсайды. Бірақ асықпен ойналады. Оны жеке немесе топ болып ойнауға болады.

«Ұстаздарға керек нәрсе. Одан кейін кішкентай баламыздан бастап үлкен кәрімізге дейін. Бұл жерде, біріншіден, қозғалыс. Екіншіден, тәрбие. Тәртіп. Және білімді де білуге болады. Бұл арқылы ғылымға шығуға болады. Дамытуымыз керек. Өйткені бұл қазіргі инновациялық жол. Яғни жаңару. Елбасымыз айтқандай, «Рухани жаңғыру». Өйткені ескімізді жаңартып тұрмасақ, бұл ойын ұмтылады деген әңгіме ғой», -дейді ойын авторы Бекболат Аманжолұлы.

Бұл ойынды кез келген жерде ойнауға болады. Жиналмалы үстел тасымалдауға ыңғайлы. Бетінде шаңырақ, қазақы күнтізбесіндегі жыл қайырудағы 12 жануар, айып алаңы және қақпа бейнеленген. Ойын осы белгілердің көмегімен ойналады. Ережесі де ерекше әрі қызық.

«Күнтізбемізге байланысты 12 жыл қайыру көрсетілген. Бала сол 12 асықты қоя отырып жыл қайыруымыздың өзінің ерекшеліктерін тани біледі. Рет-ретімен. Бірінші кезекте бала қарапайым математикалық түсінік қалыптасырады. Санауды біле бастайды. Сосын моторика, қолмен жұмыс жасау мәселесінде», -дейді ойын авторы Жамбыл Күзембаев.

Спорттық асық ойынында 12 асық және 3 сақа болады. 12 асық қазақы жыл қайыруға байланысты тақтаның қақ ортасына тігіледі. Ойынды кім бастайтыны сақаны иіру арқылы анықталады. Әр ойыншы өзінің жас ерекшелігіне қарай 1-ден 3 метрге дейінгі қашықтықтан асықты атады. Шарт бойынша сақа тиген асық қақпаға түсуі міндетті. Жеңімпаз торға түскен асық саны бойынша анықталады.

Ал егер ойын тең болған жағдайда, ережеге сәйкес төреші екі ойыншының туған жылын қазақ халқының жыл қайыру күнтізбесі бойынша анықтап, әр ойыншының өзіне тән жыл қайырудағы аң немесе жануар бейнеленген шеңбердің ішіне асығын қойып атуы тиіс. Мәселен, мен қоян жылы туғам, сондықтан асығымды қоян белгіленген шеңбердің ішіне тігемін. Ал менің қарсыласым Бекболат ағамыз ит жылы туған екен, сондықтан ит белгіленген шеңбердің ішіне тігіп отыр. Ережеге сәйкес әр ойыншы 3 метр қашықтықтан өз асығын атуы тиіс. Егер де осы ойыншы асықты тигізген болса, сол ойыншы жеңген болып есептеледі. Ал егер тигізе алмаса, кезек келесі ойыншыға өтеді. Осылайша ойын сақа асыққа тигенше жалғаса береді.

Қазір «Үшбастың» авторлары ойынды насихаттау жұмыстарын бастады. Жуырда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында халықаралық конференция ұйымдастырмақ. Оған Ресей, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия өкілдері шақыртылып, оларға жобаны таныстыру жоспарда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер