BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Ұлы Дала Еліне саяхат — «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция Таразға жетті

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясында өтіп жатқан «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция тарихы терең Тараз қаласына келіп жетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сілтеме жасап.

Экспедиция қатысушылары Ежелгі Тараздың екі мың жылдық тарихымен танысты. Ерте кезден бері Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан бұл қаланың маңызы өте жоғары болған. Бұл — көпестер мен қолөнершілердің қаласы, мұнда Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдары тоғысқан. Қазіргі Тараздың маңында тарихи оқиғалардың куәсі болған ескерткіштер өте көп, олар: Қарахан мен Дәуітбек кесенелері, әміршілердің сарайлары, ежелгі архитектураның ерекше туындылары — Бабажы қатын және Айша бибі кесенелері, Тектұрмас кешені, Ақыртас қалашығы, Қали Жүніс моншасы, қала орнына тұрғызылған «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы және тағы басқалары. Бабажы қатын мен Айша бибі кесенелері ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіреді. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Тараз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақыртас қалашығына барды.

«Тарихы терең қаламыз бүгінде мәдени және тарихи ескерткіштерге бай, олар туралы аңыздар шетелдерде де аса танымал. Бұл факт осы аймақтың туристік әлеуетіне ықпал ететіні сөзсіз. Археологтар жыл сайын Тараз маңынан әртүрлі бұйымдар мен жәдігерлерді тауып алады, олар жергілікті мұражайларда сақтаулы. Біз, өз тарапымыздан инфрақұрылымды дамытуға, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға жайлы жағдай жасау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», — деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қарабаев.

Тараздың және оның айналасының көрікті жерлерін көріп болған соң, жоба қатысушылары Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан, Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыға бет алады.

Ары қарай олар Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, сол жерден теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады. Сондай-ақ қатысушылар Түркістан облысының аумағындағы Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Сауран қаласы мен басқа да нысандар тәрізді археологиялық және табиғи ескерткіштерге барады.

Еске сала кетейік, «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция. Экспедиция алты бағыт бойынша алты туристік кластерді қамти отырып, маңызды табиғи нысандарға бару арқылы жүргізіледі. Экспедициясының мақсаты — жаңа туристік бағыттарды жасау үшін табиғи, тарихи, киелі мекендері зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту, және туған елді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал етеді. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады.

Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша экспедицияны ұйымдастырушы «Kazakh Tourism» ҰК. «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» РҚБ жүзеге асыруда.

«Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция тобы 17 қыркүйекте Алматы қаласынан шыққанын естеріңізге сала кетейік. 13 күнде қатысушылар Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына барып қайтатын болады.

Экспедиция құрамы тәжірибелі саяхатшылардан, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден, сондай-ақ «National Geographic Ресей» командасынан құралған.

Экспедицияның алғашқы күндері Алматы облысында өтті. Қатысушылар Қазақстан–Қытай шекарасында болып, Қорғас бекетіне барар жолда Жаркенттегі ерекше мешітке соқты. Бұл мешіт бірде бір шегесіз, Тянь-Шань шыршасынан салынған. Ары қарай экспедиция мүшелері Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі – Көлсайға барып, оның сұлу көлдері мен Қайыңды көлін тамашалады.

Ары қарай экспедиция Ақтау тауына, Айғайқұмға, Шоқан Уәлиханов бұлағына, Талхиз қалашығына барып, соңынан Алматы қаласының көрікті жерлері: «Медеу» мұзайдынын, «Шымбұлақ» ТШК мен Үлкен Алматы көлін көрді. Сондай-ақ саяхатшылар Алматы облысында ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының нысаны болып табылатын Тамғалы шатқалына барып қайтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер