BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Тимощенко: Латын әліпбиіне көшу – тарихи қажеттілік

Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру – тарихи қажеттілік. Астанада өткен Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Бүгін біз жаңа тарихи кезең – Үшінші жаңғыру алдында тұрмыз. Тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде Қазақстан бірқатар тарихи түйткілдің түйінін тарқатып, тұтас бір дәуірге пара-пар ұзын жол жүріп өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында еліміз барлық проблема мен жаһандық күйзелістерден аман қалды. Бүгінде Қазақстан әлемдегі сыйлы және беделді мемлекеттердің бірі», - дейді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, бейбітшілік пен келісім еліміздің ұлттық брендіне айналған.

«Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау жылдарында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын ұсынғанын өте жақсы білесіздер. Бүгінде Елбасы басқаратын бұл бірегей институт бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның ұлттық бренді екенін дәлелдеп берді», - дейді Ю.Тимощенко.

Мәжіліс депутатының сөзінше, латын әліпбиіне көшу арқылы Қазақстан бүкіл әлемге ашық бола түседі. Оның үстіне латын әліпбиі мемлекеттік тілді насихаттауға зор серпін береді.

«Біз бәріміз Қазақстанды болашағы бір, тағдыры бір ұлт ретінде көреміз. Бір бәріміз бір халықпыз. Сондықтан мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру мәселесінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ниеттестігімізді білдіруіміз керек, себебі бұл тарихи қажеттілік. Латын әліпбиіне оралу ел ішінде қазақ тілін насихаттауға зор серпін береді. Латын – Қазақстанның бүкіл әлемге мәдени ашықтығының базалық элементі», - деп атап өткен халық қалаулысы парламенттік тыңдауда таныстырылған жаңа әліпбидің нұсқасымен танысып шыққанын айтты.

«Осы орайда жаңа әліпби қазақ тілінің фонетикалық құрылымына жақын екенін нық сеніммен айта аламын. Дәл осы себептен ол мемлекеттік тілді үйрену мен оның таралуына септігін тигізуі тиіс», - деп түйіндеді Тимощенко.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер