BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

QazaqGeography қоғамының 2018 жылғы жобалары

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы» РҚБ ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметі аясында ішкі туризмді дамыту жобалары туралы баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен бағдарламаларға мемлекеттік мониторинг жүргізу басқармасының басшысы Раушан Мұқышева, QazaqGeographyбасқарушы кеңесінің төрағасы, «Назарбаев Университеті» ДББҰ инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғарин, QazaqGeography халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов, «Назарбаев Университеті» National Laboratory Astana Биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Вероника Дашкова шара спикерлері болды.

«2018 жылғы маусым «Арал 2018» ғылыми-танымдық экспедициясынан басталады. Сапардың басты мақсаты — Солтүстік және Оңтүстік Аралдың гидробиологиялық әртүрлілігі туралы деректер жинау», — деді Қанат Байғарин.

Екінші экспедиция — «Киелі Қазақстан» жыл сайынғы экспедициялары топтамасы аясындағы Орталық және Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне жасалатын сапар болады. «Киелі Қазақстан» экспедициялары рухани мұраның ежелгі тарихи нысандарын жан-жақты зерделеуге бағытталған.

2017 жылы «Киелі Қазақстан» жобасы аясында киелі орындардың электонды Атласын жасау мақсатында QazaqGeography тобы Қазақстанның киелі орындарын аралады, атап айтқанда Жұбан ана мазары, Теректі Әулие археологиялық кешені, Қалжан-Ахун медресесі, Бегім ана мұнарасы, Шақпақ ата, Шопан ата және Бекет ата жерасты мешіттері. 2018 жылы ғалымдар рухани мұраның 6 нысанын зерттейді.

«2018 жылы QazaqGeography «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» ғылыми-танымдық кітабын шығарады. Кітапта оның авторы әрі қазақ ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Ермекбай егжей-тегжейлі, жете зерттеген Шоқан Уәлихановтың өмірі туралы бұған дейін белгісіз болған фактілер ұсынылады», — деді Қанат Байғарин.

Сондай-ақ, QazaqGeography тұран жолбарысын, Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру және Ұлытау қорығын құру жобаларына қолдау көрсету бойынша жұмыстарын жалғастырады. Аталған жобалар 2014 жылдан бері іске асырылуда.

2014 жылы Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығымен бірлесіп, халықаралық және қазақстандық сарапшылар жолбарыстың келешекте мекендейтін аумағын аралап ұшып шықты. Қазіргі таңда ҚР Үкіметі мен Ресейдің жабайы табиғат қоры «Іле–Балқаш» табиғи қорғалымын құру үшін экожүйені қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Алғашқы жолбарыстар 2025 жылы жеткізіледі деп жоспарлануда. Олар — генетикалық тұрғыдан жойылып кеткен тұран жолбарыстарына жақын және қатал өмір жағдайларына аса бейімделген уссурий жолбарыстары.

«Назарбаев Университетінің» вице-президенті Қанат Байғариннің айтуынша, бұл Тұран немесе Балқаш жолбарысының қайта туылу мәселесін ғана емес, сондай-ақ табиғат пен экологияның тұтас тізбегін қамтитын көлемді жоба: тізбек үстіндегі жыртқыштың немен қоректенетінінен бастап, оның тіршілік ету ортасының өсімдік жабыны қандай болатынына дейін ескеріледі. Яғни, жоба мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау арқылы іске асырылады.

Анықтама: QazaqGeography «Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2013 жылдың қазан айында құрылды.

QazaqGeography-дың Қазақстанда 11 аймақтық өкілдіктері бар, атап айтқанда: Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары.

QazaqGeography жұмысы бес тақырыптық кеңес аясында жүргізіледі: «География, климат», «Қоршаған орта, табиғи ресурстар», «Биоалуантүрлілік», «Туризм, саяхат, өлкетану», «Тарихи–мәдени мұра, этнография».

Қазақстан QazaqGeography атынан Халықаралық географиялық одақтың мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер