BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Павлодарлық ұстаздар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бір күндік жалақыларын аударуға қарсы

Фото: Автор

Ертіс өңірінің ұстаздары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бір күндік жалақыларын аударуға қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Қоғамдық сананы жаңғыртуға ақша жинауға наразы мұғалімдер тілшілер қауымына мұңдарын шақты. Мұғалімдердің көбі қарсылық білдіруден қорқады екен. Сол себепті 60-70 мың теңгелік жалақысы бар мамандардың өзі түрлі көлемдегі осындай «қайырымдылыққа» амалсыз барады.

«Бастапқыда бағдарламаны жүзеге асыруға қаражат ерікті түрде тапсырылады деп ойладым. Кейін хатшы келіп, қарсылық білдірген жағдайда директормен әңгімелессін деп қысқа қайырды. Әріптестерімнің арасында күштеп ақша жинап жатыр деген қауесет тарап жатыр. Міне, өзім көз жеткіздім», - дейді мұғалім Серік Нұрханова.

Бағдарламаны жүзеге асыруға қаржы бөлу идеясын қолдағандардың қатарында «Рухани Павлодар» қоғамдық ұйымының директоры Қобланбек Қожин бар. Кәсіпкер әрі облыстық мәслихат депутаты бұл бастама мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала мамандары мен тұрғындардың қолдауына ие болады деген ниетте. Қобланбек Қожин алғашқы салым ретінде қордың есепшотына өз қалтасынан 500 мың теңге аударыпты.

«Қоғамдық ұйым ешкімді күштей алмайды. Жиналған қаражат қасиетті жерлерге сапар ұйымдастыру, киелі орындарды салу мен әлеуметтік көмекке жұмсалады», - дейді Қобланбек Қожин.

Ал Павлодар облыстық білім беру басқармасының өкілдері «Рухани Павлодар» қоғамдық қорына ұстаздардан күштеп ақша жинаған мектеп басшылығына қатысты шара қолданылатанын жеткізді.

Ведомство басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, қорға бір күндік еңбекақы немесе белгілі бір мөлшердегі қаржыны аудару әр адамның көз еркі. Бас педагог ұстаздарды мәжбүрлеу деген болмау керек деген пікірде. Кедеңсіз жағдайға жол бергендер жауап береді.

«Біздің тарапымыздан қаражатты жинау-жинамау бойынша есеп жүргізілмейді. Бұл бағытта күштеу, мәжбүрлеуге жол бермейміз. Біз істің анық-қанығына көз жеткізіп, қысым көргендердің мүддесін қорғауға атсалысамыз. Руxани жаңғыруды сананың өсуі деп білу керек. Мұғалімдер құрылған қорға тек өз еркімен қалаған соманы аудару не аудармауға ерікті! Күштеу, зорлауға орын жоқ. Орын алған жағдайда өзіме тікелей xабарласуды сұраймын», - дейді Дінислам Болатханұлы.

Айта кетейік, Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 183 жоба жүзеге асырылды. Бұл игілікке 11 млрд теңге қарасырылған.. Бұл соманың 6 млрд 700 млн теңгесі демеушілер тарапынан бөлінген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер