BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Павлодарлық студент қолшатыр әрі орындық болатын әмбебап таяқ ойлап шығарды

Павлодар түсті металлургия колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Талант, технологиялар, шығармашылық» атты техникалық туындылардың байқауы өтуде, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталмыш оқу орны директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Надежда Агеева мұндай шара бесінші жыл қатарынан өткізіліп жатқанын айтты.

«Бұл негізінен техникалық шығармашылық көрмесі. Бізде техникалық үйірмелер бар. Оқу жылының аяғында сол үйірмеде жыл бойы жасалған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, көрмеге қойылады. Осы жылы өңіріміздегі барлық колледждерді шақырып, облыстық деңгейде өткізіп отырмыз. Үздік жұмыстар Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына жіберіледі. Жүлдегерлер мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болады», - дейді ол.

Колледж студенттері «қазіргі жоба үлгілері» және «техника және технология» бағыттары бойынша сынға түсуде. Ерекше туындылардың қатарында Екібастұз құрылыс техникалық колледжінің 1-курс студенті Болатбек Тамашаның да жобасы бар.

«Бүгін қарт адамдарға арналған әмбебап таяқшаны ұсынып отырмын. Оны жасауға екі айдай уақыт кетті. Колледждегі ұстаздарымның, басшылықтың көмегімен іске асырылды. Егде жастағы адамдарға арналған таяқты қариялар шаршаған кезінде орындық ретінде пайдаланса болады. Сонымен қатар, жауын-шашын кезінде, күннің ысыған шағында қолшатыр бола алады. Бір таяқшаның құны – төрт мың теңге. Алдағы уақытта патент алып, демеушілер қарастыру ойымызда бар», - дейді Болатбек Тамаша.

Айта кетейік, сайысқа өңіріміздің 14 колледжінен 30 жоба ұсынылуда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер