BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Павлодарда «Арқаның асыл мұрасы» атты көрме өтті

Фото: Автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облыстық Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Арқаның асыл мұрасы» атты көрме ұйымдастырылды. Мәдени шараны ұйымдастыруға Қарағанды облыстық музейі мұрындық болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен «Арқаның асыл мұрасы» көрмесі Бұқар жыраудің 350 жылдығына арналады.

«Ертіс өңірінің тұрғындарына Қарағанды тарихи-өлкетану музейінің қорындағы 300-ден астам жәдігерді ұсынамыз. Бұл көне экспонаттардың барлығы Сарыарқа жерінің тарихы, сол заманда өмір сүрген халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы сыр шертеді. Қоянды жәрмеңесі жайында мол мағлұмат беретін, сол кезеңдегі сауда-саттықтың қарыштап дамығанын айғақтайдын құнды заттар да жетерлік. Көрмені ұйымдастыру барысында кеншілер өңіріндегі 20-ден астам қасиетті жерлердің маңыздылығына да мән бердік», - дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

Елең еткізер жәдігерлердің қатарында 2010 жылы аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген қазба-жұмыстары нәтижесінде табылған Сарыарқаның «Алтын адамының» көшірмесі бар. Оның түпнұсқасы Астанадағы ұлттық музейде сақтаулы. Қарқаралы өңірінен табылған қорымның ішінде 200 үлкен және 20 мыңнан астам ұсақ бөлшектер табылған. Осы бөлшектерден Сақ патшасының киімі құрастырылған.

«Көрмеге келушілер назарына Қарағанды облысының жерінен табылған қола дәуірінен бастап, Орта ғасырларға жататын артефактілер ұсынылды», - дейді музей директоры.

Айта кетейік, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі 1932 жылы ашылып, 1938 жылы облыстық дәрежеге ие болды. Мұражайдың экспозициясы 1800 шаршы метрді құрайтын 14 залдан тұрады.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер