BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Әлемде 200-ден астам мемлекетте әртүрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Олар түрлі дінде, өзгеше бір-бірінен ажыратылып тұратын тілде сөйлейді. Бұл заңды құбылыс. Ол туралы «Құран Кәрімде» де айтылған. Түрлі дін және тілді бергенде адамзат баласы бір-бірінен ажыратылып тұрсын делінген.

Қазіргі заманда әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған.

Бүгінгі күні жаһандану заманында ақпарат алмасудың және технологияның тілі ағылшыншаға басымдық беріліп отыр. Өйткені, әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие екендігі белгілі. Яғни, ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен артықшылығы бар.

Осы ағылшын тілінің өзі түп төркіні және бастаулары көне грек, римдегі латын алфавитінен бастау алғаны тарихтан белгілі. Кейін ағылшын тіліндегі алфавит ретінде кеңінен қолданысқа енді.

Енді, осындай жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын алфавитін үйрену, меңгеруі және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.

Қазақ халқы: «Елу жылда, ел жаңа», - дейді. Яғни, заман талабына сай өзгерістер мен реформалар болатындығы анық. Мысалы, Түркияда Ата Түрік 1928 жылы бүкіл елін латын алфавитіне көшірді. Ол кезде түріктер араб және парсы тілінде жазатын. Демек, өркениет заманына қарай бет бұрған деп түсінуміз керек.

Ал, 1929-1940 жылдары латын алфавиті Қазақстанда қолданыста болды. Бірақ, Кеңес Одағы заманында 1940-1941 жылдары Қазақстан Үкіметі қаулысымен кириллицаға көшті. Кириллицада қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті және тарихы жазылды. Бұл өткен тарих, оны ешкім сызып тастай алмайды. Бірақ, енді мынадай мәселелер туындап келе жатқаны белгілі: бұрын кириллицамен жазылған шығармалар қайда қалады? Оларды келешек жас ұрпақ оқи алама, - деген заңды сұрақ қойлып келеді. Ол мәселе қазіргі ақпарат заманында техника арқылы жүзеге асуға тиісті.

Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясаты туралы бастама көтерілген болатын. Онда қазақ тілі арқылы ұлт болып сақталу, орыс және ағылшын тілінде әлемдік кеңістікке, халықаралық байланыстарға шығудың мүмкіндіктері ашылатындығы айтылған. Бұл да өте дұрыс ұсыныс, заманға лайықты өмір сүруге қажетті жағдайлардан туындаған қадамдар деп ұғуымыз керек.

Латын алфавитіне көршілес Өзбекстан, Түркменстан және Әзірбайжан мемлекеттері тәуелсіздік алған уақыттан бастап ерте кірісті. Олар да заман талабына сай даму үшін осы алфавитті өздеріне қабылдады. Бірақ, қай мемлекеттерді алып қарасаңыз да қиындықтар болған. Бұл латын алфавитіне өту кемінде 10 жылдық процесс екен.

Енді, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының латын алфавитіне өтудің өзіндік қиындықтары болатындығы анық. Онда: алфавит ауыстырып, оны үйрену, сауатты жазуды меңгеру, бұрынғы шығармаларды қайта аудару және тағы басқа мәселелер бар. Бірақ, қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан, ортақ тоқтам жасалған жаңаша алфавитті мемлекеттік деңгейде бірнеше нұсқа ішінен таңдап алып, соны ҚР Үкімет қаулысмен бекіту қажет.

Одан кейін сол латын алфавитін балабақшаларда, орта мектептерде және ЖОО-ында үйрету керек. Яғни, оны жазу мен оқуды үйретудің бірнеше сатылы мемлекеттік механизмдерін ойластыруы тиіс. Олар қандай деңгейде жұмыс жасау керектігі анықталуы шарт. Осы аталған мәселелерді мемлекет тарапынан қадағалайтын, бақылайтын арнайы мекеме қызметкерлері болуы қажет.

Қортытындылай айтқанда, әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін латын алфавитін үйрену, жаза білу және оқи білу Қазақ еліне артық болмайды. Кейінірек біртіндеп үйрену, меңгеру арқылы өзіндік алфавитін қалыптастыра түседі.

Бірақ, латын алфавитіне көшуде өте асығыстыққа жасамай, біріншіден алфавиттің ортақ тоқтам жасалған нұсқасын анықтау керек. Екіншіден, оны үйрету мен оқытудың мемлекеттік механизімін жетілдіріп, белгілі бір жүе қалыптастыру қажет. Үшіншіден, халықтың өзі саналы түрде оны меңгеруге талпыныстар жасауы тиіс.

Қанат ЕҢСЕНОВ

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер