BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Қазақ әдебиеті антологиясының орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу мемлекеттік университеті шығарады

Астана, BAQ.KZ. 16 қазанда Мәскеуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының ресейлік серіктесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Нақтырақ айтсақ, «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясын» орыс тіліне аударып, басып шығаруға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы атсалысады.

Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік үлгілері жинағын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет». Оның мақсаты – заманауи қазақ әдебиетінің, музыкасы мен бейнелеу өнерінің жауһарларын, кино мен театр, хореография саласының тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын дүние жүзіне таныстыру.

Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Н.Тасмағамбетов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Р. Кенжеханұлының қатысуымен өтті. Қазақстан тарапынан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.

«Қазақстанның бұрыннан сенімді серіктігі, әріптесі Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей жазушылар қауымының орталық аймақтағы ірі ұйымының мол тәжірибесі мен жоғары беделінің арқасында жобамыздың сәтті жүзеге асатынына, яғни қазақ әдебиетінің орыс тіліне аудармасының сапасы жоғары болатынына әрі басылым орыстілді кеңістікте кең таралатынына сенімдімін», - дейді А.Балаева:

Өз кезегінде Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы баспа үйінің директоры Александр Веракса университет баспасы жобаның сәтті жүзеге асуына оқу орнының талай жылғы тәжірибесіне арқа сүйеп бар күштерін салатынын жеткізді. Ал, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы Владимир Бояринов аударманы антологияға дайындау барысы Қазақстан мен Ресей қаламгерлері арасына алтын арқау болып, өзара мәдени ықпалдастыққа оң әсерін тигезетініне үміті зор екенін айтты.

Меморандумда көрсетілген ынтымақтастық аясында Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы әдеби жинақтарға сұрыпталған шығармалардың көркем аудармасымен және оны редакциялаумен айналысады. Ал, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі антологияны басып шығаруды, сондай-ақ оның орыстілді оқырмандарға таратуды, насихаттауды ұйымдастырады.

Еске сала кетсек, жобаның мақсаты – дүние жүзіне әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізді таныстырып, мейлінше кең насихаттау. Қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясын даярлау бойынша ұйымдастыру жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Олардың біреуі – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы», екіншісі – «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деп аталады. Әр антологияның көлемі – шамамен 600 бет. Әрқайсысына 30 автордан енеді. Антологияның мазмұны мен құрылымы Қазақстан Жазушылар Одағында өткен арнайы мәжілісте бекітілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер