BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Ғалымдар Қазақстанның киелі жерлерінің электронды атласын жасап шығармақ

Ғалымдар алдағы 3 жылда еліміздің киелі жерлерінің электронды атласын жасап шығармақ. Бұл туралы Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Ұлан Биғожин айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Биыл біз ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грантын жеңіп алдық. Жоба 3 жылға жоспарланған. Осы гранттың аясында біз Қазақстанның киелі жерлерінің электронды атласын жасаймыз. Біз жалпы еліміздің 12 киелі жерінде боламыз. Осы жылы Екібастұз қаласының маңайындағы Ақкөл ауылына барамыз. Кейін біз Қарағанды облысы, Семей, Өскемен өңіріне жолға шығамыз. Тиісті мәліметтерді жинап алған соң, Астанаға ораламыз. Сондай-ақ, жазда біз Маңғыстау облысындағы Бекет-Ата жер асты мешітіне баруды жоспарлап отырмыз. Биыл тек 3-4 облыста экспедиция жұмыстарын жүргіземіз», - деді ол.

Осы орайда ғылыми қызметкер еліміздің киелі жерлерін зерттейтін ғалымдарға тоқталды.

«Экспедиция құрамында білікті тарихшылар бар. Мысалы, Николай Срайымпилов. Ол қазақ және жоңғар хандықтарының тарихын жақсы біледі. Ал Розария Галипова еліміздегі мұсылман жазбаларын зерттейді. Қатарымызда Зоохра Бэйбэна есімді кәсіби антрополог та бар. Экспедиция құрамына Паула Дюпьи, Айдын Жеңісхан атты археологтар кіреді. Олар мазарларда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізбек. Ал мен экспедиция аясында әулиелер мен шырақшылардың ұрпақтарынан сұхбат алатын боламын», - деді ол.

Осы орайда Ұлан Биғожин 3 жылға жоспарланған экспедиция жұмыстарының қалай жүргізілетінін айтып берді.

«Бұл – біздің алғашқы экспедициямыз. Қазіргі таңда халықтың қолындағы құнды мәліметтер жоғалып бара жатыр. Сондықтан аталған ғылыми экспедицияның маңызы зор. Мысалы, біз Семейге барсақ, электронды құралдардың және дрондардың көмегімен өзімізге тиісті мәліметтер жинаймыз. Біздің қатарымызда археологтар, этнографтар, тарихшылар және т.б. мамандар бар. Олар бір мезетте бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді», - деді ғылыми қызметкер.

Сөз соңында ол тиісті мәліметтер жиналып болған соң, еліміздің киелі жерлерінің электронды атласы жасалатынын атап өтті.

«Жобамыз «киелі мұрамыздың электронды атласы» деп аталады. Аталған жоба 3 жылға жоспарланған. Біз алдымен өзімізге тиісті ақпаратты жинап аламыз. Кейін оларды өңдейміз. Нәтижесінде жеке сайт жасап, тиісті мәліметтерді соған енгіземіз. Осылайша, электронды атлас жасап шығармақпыз. Азаматтар оны энциклопедия ретінде пайдалана алады», - деп түйіндеді сөзін Ұлан Биғожин.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер