BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Астанада өткен ақындар айтысының бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды

Фото: Абзал Қалиев

Астанада өткен «Рух жаңғырығы» атты ақындар айтысының бас жүлдесіне тігілген «Hiunday» автокөлігі Жандарбек Бұлғақовқа бұйырды. Айтысқа еліміздің әр аймағынан және Қытай мен Моңғолиядан келген 16 ақын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай елдікті жырлады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Айтысқа 16 ақынның арасында азуын айға білеген Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов, жас болса да талай бәйгеде қара үзіп келіп жүрген Сырым Әуесқан бар. Сондай-ақ, жыр додасына бақ сынауға арғы беттегі ағайынның атажұртқа деген сағынышын арқалап Қытайдан Арзыгүл Қайымбекқызы, Моңғолиядан Іңкәрбек Әділхан келіпті. Бұдан бөлек айтыскерлердің қатарында Есімжан Нақтыбайұлы, Ардабек Ақбаба, Мұрадым Мирланов, Нұрлан Бектібаев, Қабдыжәлел Сахарияұлы, Мөлдір Айтбай, Талғат Мықи, Фархат Маратұлы, Мұхамеджан Мансұров, Қуаныш Нұржанов, Әсет Дүйсебаев қатарлы ақындар бар.

Жыр додасының елордада өтуіне мұрындық болған Халықаралық «Жас-ай» медициналық орталығының директоры Жасан Зекейұлына Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтың атынан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын халық арасында насихаттау мақсатында «Рух жаңғырығы» атты халықаралық ақындар айтысын өткізіп, аталмыш мақаланың идеясын халыққа нақты іс-әрекет арқылы жеткізе білгендігі үшін алғыс хат табыс етілді. Демеуші бұл ісінің ел руханияты үшін істелген болмашы іс екенін алға тартып, ақындарға сәттілік тіледі.

«Қазақтың тілін, дінін, дәстүрін сыйлаған халқым, біз осы дәстүрімізді Елбасымыз айтқандай «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» арқылы қайта жаңғыртамыз деген ниеттеміз. Осыған қарлығаштың қанатымен су сепкендей кішкене үлес қоссам деген ойым болды. Әсіресе Астана қаласында көптен бері айтыс өтпей қалып еді. Бүгін сәрсенбінің сәтті күнін әдейі таңдап алдық. Ақындарға сәттілік серік болсын», - деді медицина ғылымының докторы, профессор Жасан Зекейұлы.

Алты сағатқа созылған аламан айтысқа Оразгүл Асанғазықызы, Ғарифолла Есім, Балғынбек Имаш, Өмірзақ Озғанбай, Дүкен Мәсімханұлы, Гүлмира Кубашева, Қонысбай Әбілов қатарлы тұлғалар төрелік етті. Жыр жекпе-жегінің қорытындысы бойынша Жандарбек Бұлғақов бас жүлдеге тігілген автокөлікті тізгіндесе, Сырым Әуезхан 1-орынды ( 1 000 000 теңге) иеленді. Айнұр Тұрсынбаеваның жол беруімен 2-орын Әсет Дүйсебайға (700 000 теңге) бұйырса, 3-орынға (500 мың теңге) Айнұрдың өзі жайғасты. Бұл айтыстан ақындардың ешқайсысы құр қол қайтқан жоқ. Яғни, Арзыгүл Қайымбекқызы, Мұхамеджан Мансұров, Фархат Маратұлы, Талғат Мықи ынталандыру сыйлығына (200 мың теңгеден) ие болса, қалған ақындарға 100 мың теңгеден сертификаттар табысталды. Бұдан бөлек айтыстың бас демеушісі Жасан Зекейұлы өз атынан тағайындаған «Академик Жасан Зекейұлы атындағы арнайы жүлдені» Әсет Дүйсебайға (500 000 теңге ) өзі сыйлады.

Фото: Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер