BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Астанада «Батыс жауһарлары» көрмесі ашылды

Бүгін Астанада рухани жаңғыру бағдарламасының және осыған орай құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының құрылғанына бір жыл толуына орай Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарының тарихи жәдігерлерінен көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен биыл аталған мақаланың бір жылдығына орай Батыс Қазақстан өңірлерінен 140 жәдігер әкелдік. Соны екі апта бойы Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады. Ал Батыс өңірінде қасиетті орындар көп. Соның жетеуі республикалық деңгейдегі «Қасиетті Қазақстан» картасына кірді. Сол жеті орын жайлы ақпаратты да осы көрмеден алуға болады. Бүгінгі көрмеге «Тақсай аруы», «Есет батырдың сауыты» т.б. қатарлы құнды жәдігерлерді әкелдік» - дейді Бөкей ордасы тарихи музей-кешенінің директоры Ғайса Махиев.

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми орталығының бір жылдығы қарсаңында екі кітап құрастырылған болатын. Соның бірі осы Батыс өңіріне арналған еді. Бұл кітапта бүгінгі көрмеге қойылған жәдігерлер табылған киелі орындар туралы толық дерек бар.

«Бұл көрмені ұйымдастыруымыздың бірнеше себебі бар. Әуелі өздеріңіз білетіндей, Елбасы мақаласы аясында қазақтың киелі орындарын түгендеуді қолға алып, осы музейден (Ұлттық музей – ред.) «Рухани жаңғыру» залын аштық. Осыған дейін атқарған жұмысымыз бүкіл Қазақстан бойынша қасиетті жерлердің тізімін анықтау болатын. Бұған бір жыл уақытымызды жұмсадық. Енді біз осы анықтап алған орындарымызды насихаттап, оны зерттеп, оған туристерді, еліміздің өзге азаматтарын тартуы, қызығушылығын туғызу мәселесімен айналысамыз. Бүгінгі көрме соған жасалған бір қадам» - дейді «Қасиетті Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы.

Көрмеге Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жәдігерлері қойылған. 30 мамырға дейін өрермендер назарында болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер