Астанада оқушылар арасында асық атудан турнир өтті - Рухани жаңғыру|17 Сәуір 2018, 17:49
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.22 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 413.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Астанада оқушылар арасында асық атудан турнир өтті

Фото: Нұржас Жақсыбай

2018 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астана қаласының мектеп оқушылары арасында асық атудан ашық турнир өтті. Турнирдің мақсаты – жас жеткіншектер арасында қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін насихаттау, балаларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулу, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл турнир Ұлттық музейде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Асық ату қазақтың ертеден келе жатқан бағалы дүниесі. Өзіміз де бала кезде асық ойнап, сақа таңдап өскенбіз. Ұлттық ойынның бұл түрі балаларды мергендікке, ептілікке, сергектікке тәрбиелейді. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары М. Балтышев.

Шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған. Турнирді «Асық ату» федерациясымен бірге Ұлттық музейдің Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырды.

«Асық ату» федерациясының президенті Рахметов Ескендір: «Ауыз толтырып айтатын жақсы жаңалықтардың бірі асық ойыны 2017 жылдың желтоқсан айында ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. «Қазақ туризм» АҚ-ның «Бүкіл әлем асық ойнасын» атты акциясы жарияланып, Қазақстан бойынша асық ойыны жүргізіліп жатыр. Жан-жақтан асық жиналуда. Болашақта халықаралық көрмелерде асық ойынын көрсетіп, өзге жұртқа танытқымыз келеді. Басқаға көрсету үшін, өзімізден өте ұшқыр, мерген, шебер ойыншы шығу керек. Сондықтан алдымен өз балаларымызды асық атуға икемдеп, қыздарымызға «Бес тас» ойынын асықпен ойнауды үйретіп жатырмыз. Асықтарыңыз алшысынан түссін», - деп пікір білдірді.

Турнирге Астана қаласы бойынша 8 мектеп қатысқан. Әр мектептен 6 және 8-сынып оқушылары таңдап алынып, 2 топқа ұлдар және қыздар тобы іріктелген. Сайыстың қорытындысы бойынша «Бес табан» ойынынан І орынды №38 мектеп-лицейінен келген топ, ІІ орынды №80 мектеп-гимназиясынан келген топ, ІІІ орынды №48 мектеп-лицейі жеңіп алды. «Бес асық» ойыны бойынша қыздар арасынан І орынды №24 орта мектеп, ІІ орынды

№48 мектеп-лицей, ІІІ орынды №80 мектеп-гимназиясы иеленді. Ал «Сұр мерген» номинациясы бойынша №73 мектеп-лицейдің оқушысы Мирас Кенжебаев және №24 орта мектептің оқушысы Азиза Смагулова, «Қол мерген» номинациясы бойынша №53 мектеп-лицейдің оқушысы Расул Айсұлтанұлы және №18 орта мектептің оқушысы Аяулым Бабанова, «Көз мерген» номинациясы бойынша №65 мектеп-гимназияның оқушысы Райымбек Баймұратов және Алтынай Тұрысбек мақтау қағазымен марапатталды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер