BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 341.08 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 394.46 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.37
Астана:

Ақтоты Райымқұлова: Киелі жерлер тізіміне енген кейбір нысандардың 3D моделі жасалды

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру туралы баспасөз конференциясы барысында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова аталған арнайы жоба аясында министрліктің атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын тиімді жүзеге асыру мақсатында республикалық және өңірлік деңгейде арнайы жұмыс тобы мен Жобалау кеңсесі және ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы құрылған болатын. Бұл орталық жанынан белгілі ғалымдар, тарихшылар, археологтар, қоғам қайраткерлері мен өлкетанушылардан құралған Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылды.

Вице-министр жобаның бірінші кезеңі сәтті аяқталғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы киелі нысандарды іріктеу және тізімге алу бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленіп, өңірлерге жолданды, әрбір өңірде киелі жерлерді анықтау бойынша жұмыс топтары құрылды, Қазақстанның барлық өңіріндегі киелі жерлерге этномәдени экспедициялар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары», «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптары және «Қасиетті Қазақстан» энциклопедициясының 1-томы жарыққа шықты. Жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандар бойынша «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы жасалды, өңірлік маңызы бар объектілер бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» интерактивтік картасы жасалды.

«Еліміздің киелі жерлерінің жалпыхалықтық тізіміне енген кейбір нысандардың 3D моделі жасалды. Мәселен, Қ. А. Яссауи және Қарахан кесенелерінің моделдері әзірленді. Жалпыұлттық қасиетті нысандар туралы әлеуметтік желілерге арналған қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мобильді форматтағы 40 секундтық бейнероликтер мен еліміздің киелі жерлері туралы 4 ғылыми-көпшілік деректі фильм түсірілді. Олар National Geographic, BBC секілді бүкіләлемдік телеарналарда көрсетіліп жатыр, оларды әрі қарай ілгерілету жоспарымызда бар», — деді мәдениет және спорт вице-министрі.

Бұдан өзге, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикалық форумдарды да өткізу дәстүрге айналған. Алғашқы республикалық форум 2017 жылғы мамыр айында ҚР Ұлттық музейінде өтті, онда арнайы жобаны жүзеге асырудың мақсаттары анықталып, киелі жерлерді іріктеу критерийлері әзірленді.

«Қазақстанда киелі жерлердің көп екені баршаңызға белгілі. Біз киелі жерлердің тізіміне олардың барлығын қоспай, мемлекет пен ұлттың тарихында үлкен рөл атқарған, халықтың санасында қалған және халық жиі баратын, ел тұрғындарының әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын киелі жерлерді ғана қостық», — деді вице-министр.

Негізінен киелі жерлерді іріктеу мынадай критерийлер негізінде жасалды:

  • табиғи-ландшафтты нысандар;
  • археологиялық және сәулет ескерткіштері;
  • ғибадат орындары саналатын діни нысандар;
  • тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты киелі орындар.

«Осындай тарихи-мәдени мұрамызды ауқымды түрде жүйелеудің нәтижесінде жалпыхалықтық маңызы бар 185 нысаннан тұратын 100 кешеннің және өңірлік маңызы бар 456 нысанның тізімдері 2017 жылы қалыптастырылды. Нысандарды тізімге алу жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Жоғарыда аталған критерийлер бойынша нысандардың сандары толықтырылып жатыр», — деп атап өтті А. Райымқұлова.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер