Ақтөбеде X аймақтық халықтық театрлар фестивалі өтті - Рухани жаңғыру|16 Сәуір 2018, 13:44
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.22 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 413.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Ақтөбеде X аймақтық халықтық театрлар фестивалі өтті

Фото: Автор

«Театр – өнердің ұлы көші» атты X аймақтық халықтық театрлар фестиваліне 9 халықтық және 2 әуесқой театр қатысты. Екі күн бойы әртістер Ақтөбе жұртшылығына Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың шығармаларынан қойылым қойды. Бас жүлде Ақтөбе облысында қалды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Сәуір Ақтөбеде театр айына айналды. Балалар театры фестивалінен кейін өңірде халықтық театрлар бас қосты. Дәстүрлі «Театр – өнердің ұлы көші» атты X аймақтық халықтық театрлар фестивалінің алғашқы күнінде режиссерлар мен жас актерлерге арналған шеберлік сағаттары өтті. Кейін екі күн бойы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында еліміздің Батыс өңірінен келген театрлар қойылымдар қойды. Барлығы 9 халықтық атағы бар екі әуесқой театр өнер көрсетті. Әртістердің өнерін елге танымал театр режиссеры Данияр Базарқұлов бастаған қазылар алқасы бағалады.

«Сарапшы да, төреші де көрермен болды. Біздер соны реттеушіміз. Риза болған театрға қол соғып, көңілдері толмағандары орындарынан тұрып кеткен кездер болды. Кәсіби театрдың іргетасы осы халықтық театрдан қаланған. Халықтық театрға дұрыс көзқарас болғанын қалаймын. Екі күнде жылт еткендер де, мүлдем өздерін көрсете алмағандар да болды», - деді Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Нұрхан Кәдірбаев.

Ақтөбе облысының аудандарымен қатар Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау өңірлерінің өнерпаздары қала тұрғындарына екі күн бойы 11 қойылым қойды. Барлығы Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың шығармалары. Фестивальдің шымылдығын Ырғыздың аудандық халықтық театры ашты. Режиссер Ратбек Бердалиннің жетекшілігіндегі ұжым Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» пьесасын дайындап әкелген. Бір қызығы, бұл қойылымды Маңғыстау облысының «Ақжол» жастар театры мен Хромтау аудандық халықтық театры да көрсетеді. Ахтановтың «Күтпеген кездесуін» де Батыс Қазақстан облысының «Мұрагер» халықтық театры, Ақтөбенің Қарғалы ауданының «Ұшқын» жастар театры мен Атыраудан келген Қызылқоға ауданының халықтық театры сахналады.

«2014 жылы «Мұрагер» театры құрылды. 5-6 қойлымымыз бар. Түрлі фестивальдерге қатысып жүрміз. Жақында ғана халықтық театр атағын алдық. Əртістердің кəсіптері əртүрлі. Бірі – мəдени сала қызметкері, бірі – мұғалім. Театрға деген қызығушылық басымызды біріктірді», - деді Батыс Қазақстан облысы «Мұрагер» халықтық театрының әртісі Өтепберген Қарасай.

«Театр – өнердің ұлы көші» атты X аймақтық халықтық театрлар фестивалінде Ақтөбе облысы Ойыл аудандық халықтық театры үздік атанып, «Тахауи Ахтанов» атындағы бас жүлдені жеңіп алды. «Үздік режиссура» номинациясы Шалқар ауданының халықтық театрына бұйырса, «Үздік актерлық ансамбль» номинациясын Әйтеке би ауданының «Замандас» халықтық театры алды. Одан өзге, «Үздік эпизод», «Үздік екінші пландағы бейне», «Актерлық ізденісі үшін», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел бейнесі» номинациялары бойынша Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының әртістері марапатталды. Барлығына сыйақылар берілді. Қазір елімізде 52 мемлекеттік, 9 республикалық және 43 аймақтық театр бар.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер