BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Ақын Сараның суреті мұражайға тапсырылды

Фото: Асылан Қажеке

Жақында Сара Тастанбекқызының өмірі жайлы ел аузынан жазып, жинақталған құнды қағаздар мен суреттерінен тұратын 12 жәдігер Талдықорғандағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы облыстық музейге тапсырылды, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Былтыр Мұхаметжан Тынышбаев атындағы музейге сонау Мәскеуден хабарласқан Гелия Тимофеева есімді орыс әйелі отбасылық мұрағатында ақын Сараға қатысты құнды деректер бар екенін, соны музейге өткізгісі келетінін айтқанда бұл жақтағылар абдырап қалған. Орыс елінің астанасында тұратын бейтаныс адамның қолында қазақ ақынына қатысты жәдігер қайдан жүргені туралы сұрақ туындады. Сөйтсе, Талдықорғандағы музейге қоңырау шалған Гелия Тимофееваның өзі осы өңірге бөтен болмай шықты. 1980 жылдары Талдықорғанның бас сәулетшісі болған Маргарита Ващенконың туған қызы екен. Кейін зейнетке шыққан Ващенко Мәскеуге көшіп кетеді. Гелияның қолындағы ақын Сараға қатысты деректер сол анасынан мұраға қалыпты.

Кезіндегі Талдықорған облысының бас сәулетшісі болып ұзақ жыл жұмыс істеген Маргарита Ващенконың қолтаңбасы өңірде әлі күнге танымал. Басқа нысандарды былай қойғанда, облыс аумағындағы көрнекі жерлерде мәдени ескерткіштер орнатуға еңбегі сіңгені анық. Әсіресе, Сара Тастанбекқызына бірнеше жерге ескерткіш қоюға мұрындық болған. Тас тұғырдағы ақын қыздың мүсінін өзі қашап салған. Ақсу ауданының орталығы Жансүгір ауылындағы Сара ескерткіші мен Көшкентал ауылындағы ақынның бюсті қазір халыққа танымал құрмет орындарына айналған. Демек, Маргарита Ващенконың отбасылық мұрағатындағы Сараға қатысты деректер мен бірнеше фотосуреттерді сәулетші сол тұста ел ішінен сұратып алдырып, кейін өзімен бірге алып кеткені анық. Қазақтың наны мен тұзына адал сәулетші өзі дүниеден өтерінде жинақтаған мұраны Қазақстанға, оның ішінде Талдықорғандағы музейге табыстауды аманат етіпті. Ана Гелия Тимофееваның алыстан қоңырау шалып жүргені сол себептен екен.

«Биыл Сара Тастанбекқызының туғанына 165 жыл толып отыр. Біз қазір ақын апамызға қатысты музей деректерін жаңғыртып, жинақтап, толықтыру үстіндеміз. Дәл осы қарсаңда Мәскеуден жеткен құнды жәдігерлер Сара мұрасына қосылған өлшеусіз үлес болды. Жәдігерлерді Ресей астанасынан Талдықорғанға жеткізуге қолұшын берген іскер азамат, өнер жанашыры, «НАҚ-Бірлік» қоғамдық қорының төрағасы Оралбек Жақияновқа зор алғыс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлт мұраларының жаңғырып, жоғы түгенделіп жатқанын мақтанышпен айтамыз», - дейді Алматы облыстық облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер