«100 жаңа есім» жеңімпазы: Халықтың берген дауысы қымбат - Рухани жаңғыру|10 Тамыз 2018, 11:59
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.87 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 410.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

«100 жаңа есім» жеңімпазы: Халықтың берген дауысы қымбат

Фото: ашық дереккөзден

2016 жылы Астанада әйелдер арасында өткен бокстан Әлем чемпионы Дина Жоламан былтыр «100 жаңа есім» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Осы орайда спортшы қыз Baq.kz тілшісі қойған сауалдарға жауап беріп, жобадан кейінгі жаңалықтарымен бөлісіп, биылғы қатысушыларға сәттілік тілейтінін айтты.

«Жеңімпаз болғаннан кейін карьерамда аса қатты өзгерістер болған жоқ. Бәрі өз ретімен болып жатыр. Жиындар, жарыстар, турнирлер, рингте бокстасып жүрміз. Жоба жеңімпазы атануым менің спорттық карьерама әсер етті деп айта алмаймын. Менің кәсіби қызметімді бақылап жүретін адамдар, халқым, достарым, жақындарымның барына өте қуаныштымын. Осы жобада жеңімпаз атанғаныма мен де қатты қуандым. Менің суретім бар қалаға ілінген плакаттарды фотоға түсіріп достарым маған жіберген кезде бойымды мақтаныш сезімі билейді. Боксты кішкентай ауылда бастадым. Кіп-кішкентай қыз әлем чемпионы болғысы келді. Өзіне сенді. Ал «100 жаңа есімге» келер болсақ, мен үшін ең бастысы – халықтың маған берген дауысы, ол мен үшін қымбат», - деді боксшы қыз.

Дина Жоламан мұндай жобалардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бірінші кезекте халыққа, жастарға, балаларға қарапайым отбасыдан шыққан өз арманына сенетін, мақсат қойып соған жеткен қарапайым адамдарды таныстыру, осындай арманшыл адам болуды насихаттап, халыққа қазіргі заманның батырларын көрсету осы жобаның мақсаты болып отыр. Қазір ауылымдағы балалар мені көріп, плакаттағы суретімді көріп әлем чемпионы болуды армандайды, жетістікке жеткіскісі келеді. Рухы мықты адамдар халықты жігерлендіре білу тиіс, адамдардың сенімді болуына, өз-өзіне сенуі керек екеніне көздеін жеткізуі тиіс», - деді спортшы.

Биыл «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңі басталады. Осы орайда алғашқы кезеңнің жеңімпазы Дина Жоламан қатысқалы отырған барша үміткерлерге тілегін арнады.

«Олар сондай мақсатшыл, сондай мықты адам болып қалуларын тілеймін. Мақсатына жеткен соң тоқтап қалмай алдына жаңасын қойып, жетістікке жетіп, зор күш-қуат тілеймін. Жоба жеңімпаздарының көпшілігі шетелде оқиды, сол себепті олар өскен халқын, туған жерін ұмытпаса деймін. Еліміз үшін бәріміз бірге еңбек етейік дегім келеді», - деп сөзін түйіндеді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер