Астрахан: Еділ жайлаған қазақтар жусан иісін ұмытпайды - Ресей қазақтары|07 Маусым 2017, 09:47
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Астрахан: Еділ жайлаған қазақтар жусан иісін ұмытпайды

Қазақтар батыс өңіріндегі ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Ресейдің Астрахан облысында бұл күнде дәл емес есептерге қарағанда, 200 мыңнан астам қазақ тұрады. Керек десеңіз, Қазақстанмен іргелес, көрші жатқан Құмөзек, Володар, Красный Яр, Харабайлы, Икрян аудандарында бірыңғай қазақтар тұратын ауылдар да бар. Олар сонау XIX ғасырдың ортасы, XX ғасырдың басынан бергі ежелгі Жәнібек хан билеп, Асан Қайғы жөргегін жуған, Доспамбет пен Қазтуған төрге озып, жыр төккен, Бөкей сұлтан көш түйесін шөгеріп, хан атанған атажұртта балық аулап, төрт түлігін түлеткен, егін салып, елдің саяси-мәдени өмірі, басқару ісіне араласып, атақ емес, арды ойлаған, халқының қамын жеген арда азаматтар.

Сондықтан да олар өздерін өзге елдегі диаспора санамайды, кіндік қандары тамып, тұсауын кескен туған жерде жүріп жатырмыз деп есептейді. Бірақ төбелеріндегі ту алтын күн астында қыран қалықтаған көк аспандай көгілдір емес, ағы, көгі, қызылы бар өзге байрақ. Дегенмен, сол бір қандастарымыздың бүгінгі таңдағы өмір сүру дағдысы негізінен жоғарыда айтқанымыздай дәстүрлі ауыл шаруашылығы саласы, сонымен қатар қазіргі заманғы құрылыс, мұнай мен газ, өндірістің басқа да бағыттары, әлеуметтік болмыс болып келеді. Қандастардың өзге жұртта ұлт ретінде басын қосатын бір-ақ ұйым бар. Ол өңірде 1990 жылы құрылған «Жолдастық» атты қазақтардың тіл және мәдениет қоғамы. Алғашқыда қоғам Никита Сейітұлы Ысқақов сынды ұлтжанды азаматтардың бастамасы, Басқұншақта қазақтар арасында өскен Астрахан облысының губернаторы, марқұм Анатолий Петрович Гужбинның қолдауымен қолға алынып, әр ауданда қоғамның филиалдары ашылды. Тіл, діл бағытындағы ұлттық құндылықтарды қайта жандандыру, өсіруде көп жұмыстар жүргізді.

Ал, сол үрдіс бұл күнде қалай жалғасуда? Бұл сұраққа жауап алу үшін Астрахан өңіріне жол тарттық. Өкінішке орай, қоғам төрағасы, Нариман ауданы әкімшілік басшысы Нұрлан Маянұлы Қандықовты өңірде өтетін сайлау науқанына орай жұмыс орнынан таба алмай, оның орынбасары, өзімізге бұрыннан таныс Өмірзақ Қабылұлы Бекмұқановқа жолықтық, кеңінен әңгімелестік, түйгеніміз мынау:

Алдымен, төрағаның орынбасары жайлы бірер сөз.

Өмірзақ Қабылұлының айтуы бойынша, аталары Астраханның Құмөзек ауданының Застенка ауылына 1913 жылы қазіргі Атырау облысының Забурын елді мекенінен көнкөріс дағдысына орай қоныс аударған. Негізгі кәсіптері балықшы. Әкесі Қабыл сол балықшылықтан жаңа өкімет тұсында сауат ашып, белсенділер қатарына қосылады, қызмет бабында ұжымшылар басқармасы төрағасына дейін көтеріледі.

Осы арада тарихи әдебиеттерде кездесе бермейтін бір жай еске оралады. Жиырмасыншы жылдары жаңа қоғам талаптарына сай, одақтас республикалар шекараларын белгілеу кезінде ұлттық құрамда қазақтар саны көбірек Астрахан облысының шығыс бөлігін (Еділдің сол жақ беті) Қазақстанға беру туралы әңгіме қозғалады. Бірақ XVI ғасырдың тұсынан бері бауыр басып, жерсініп, мал-жаны мидай араласқан аймақтан қол үзгісі келмеген Ресей басшылығы бұл мәселеде тұрлі айла-шарғыға көшеді. Әуелі өңірдегі қазақтардың санын азайту ниетінде Бөкей ордасын Астрахан губерниясына бөліп, Оралға қосып жібереді. Содан соң қазақтар көп орналасқан ауылдарда (аудандарда) ұлттық мектептер ашып, оларға қажетті ұстаздар дайындау ниетінде педагогикалық училище де қызметін бастайды. Аудандық, өңірлік қазақша газеттер шығатын болды. Әр ауылда мәдени-көпшілік мекемелер ашылып, түрлі шаралар өткізілді. Басқару жүйесіне ұлттық кадрлар көбірек тартылды. Орталық комитеттен бұл істі бақылап, жүргізіп отыру Н.К.Крупскаяға тапсырылды. Ақыры 1928 жылғы облыс, аудандарды территориялық жағынан нақтылану кезінде Астраханның Қазақстанға беріледі деген аудандары қойболдымен міні құрамай сол күйінде Ресей қарамағына қала барды.

Бірақ аталған облыстағы әлеуметтік сала жұмыстары – ұлттық мектептердің жұмыс істеуі, газеттер шығару, қазақ тіліндегі мәдени-көпшілік шаралар, өз іштеріндегі іс-қағаздары қазақ тілінде жүріп, 1961-1962 жылдарға дейін жалғасты. Өмірзақ Қабылұлы солардың соңы болып ауылындағы қазақ тіліндегі мектепті бітірді. Кейін сауда саласының маманы атанып, 40 жылға жуық еңбек етті. 2008 жылдан «Жолдастық» қоғамының Құмөзек аудандық филиалының төрағасы болса, 2015 жылдан бастап қазірде жаңаша аталатын «Жолдастық» қазақ мәдениетінің Астрахан өңірлік қоғамдық ұйымы Кеңіс төрағасының бірінші орынбасары.

Біз Өмірзақ Қабылұлымен әңгімеде сонау елуінші жылдары ұжымшылар төрағасының жалғыз баласы екендігі, кеңес дәуірінде сауда қызметінде ұртынан уыз төгілген басшылық қызметте болғандығын ескеріп, алғашқы сұрағымызды «Өмірде қиындық көрдіңіз бе?» деуден бастадық Өмекең дұрыс жауап берді.

Көрдім, — деді ол – бірақ тұрмыстан емес, отбасындағы жалғыздықтан. Әйтсе де, оған ата-анам кінәлі емес. Әкем Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Анам да егде жастағы адам болатын. Мен солардың есейген тұсындағы соңғы тұяқпын. Соған сай жанымда бірге ойнайтын сыңарым, ой бөлісетін іні-қарындастарым болмады. Әке-шешем жұмыста, мен күні бойы үйде. Мектептен тыс уақытта қора, малдың астын тазалау, отын-су қамы, ағаш жару. Ертеңгі сабаққа әзірлік, сонымен еркелікке де қолы тие бермейтін жалғыз ұл едім. Сол жалғыздығыма өкінемін.

— Көп ұлтты, тілі, ділі, діні әрқалай ортада өстіңіз. Бірақ қазақы әдет-ғұрыпты жақсы сақтаған жан сияқтысыз. Бұл үлкендердің ықпалы ма, әлде өзге ұлттардың қысастығына қарсы әрекетіңіз бе?

— Екеуі де бар. Біз Астрахандағы 30 ұлттың біріміз. Ең алдымен әке-шешеме алғысым көп. Қарияларға қарыздармын. Солар бізді құшағына қысып, уыстарынан шығармады, қазақы тәрбие берді. Өйткені, өзге ұлт өкілдерінің тек арасы емес, қыспағында қиындықпен өстік. Олар бізді көбіне өсіруге емес, өшіруге ынталы еді. Сәл нәрседен кемсітіп, кейін итеретін. Біз болсақ, керісінше, олардан қалмауға, алға ұмтылып, көрінуге тырыстық. Мен еңбек жолымды 18 жасымда сауда саласында тергеушіден бастадым. Саудада арыстандар мен қасқырлар бар. Осалдық танытсаң жеп қояды. Абырой болғанда, айналамда өмір тәжірибесі мол аға буын өкілдері көп еді. Олардың менің қалыптасуыма тигізген әсері мол болды. Отызыншы, қырқыншы жылдардың қиындықтарына қақталған ағалар мені адалдыққа, адамдарды қадірлеу, сыйлау, өзіңмен бірге өзгені тәрбиелей білуге үйретті.

— «Жолдастыққа» қалай келдіңіз?

— Мен отыз жеті жыл сауда саласында, он жыл туризмде жұмыс істедім. Бір қарағанда, бәрі де халыққа қызмет көрсету. Әкем менің құлағыма «Не істесең де еліңе, халыққа пайдам тисін деп істе. Адамдардан алған алғыс абыройға бөлейді» дегенді құйды. Уақыт өте келе анам «халыққа қызмет көрсетіп келе жатсың ғой. Жамбасың жерге тигенше сол халықтан айырылма. Көппен көрген ұлы той, бөлінгенді бөрі жейді» деуші еді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары облыста «Жолдастық» қоғамы ашылды. Оның негізгі мақсаты — өңірде туған тіліміздің өрісін кеңейту, ұмытылып бара жатырған салт-дәстүр, мәдениетімізді жаңғырту болғандықтан, оған өзімді белсене араласуым керек деп ойладым. Ол үшін маған ешкімнің соқыр тиын төлемейтінін, тіпті «Жолдастыққа» да бюджеттен қаражат қаралмайтынын жақсы білдім. Бірақ қол ұшын беруім керек және оған өзгелерді де тартқан дұрыс деп ойладым. Бәрінен бұрын қазағым деген халқым аман болсын.

Әуелгі жұмысым «Жолдастық» коғамының аудандық филиалында кеңес мүшесі, тексеру комиссиясында болдым. Уақыт өте аудан басшылығы төраға адам болса да жауапкершілікті көбіне одан емес менен сұрап, соған сай көбірек жұмыстануыма тура келді. Сөйтсе де, бәрі де ортақ ақылдасу, келісіп істеудің нәтижесі ғой. 2008 жылдан филиал төрағасы, 2015 жылдың маусым айынан бастап облыстық қоғам төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келемін.

Жоғарыда айтқанымдай, қай-қайсысы да қоғамдық негізде, бәрі де қандастарымыз үшін істеліп келе жатырған жұмыс қой деп санасып жатырған біз жоқ. Керек болса тәуліктің қай мезгілінде ойдан да, қырдан да табылуға тура келеді.

— Сонда «Жолдастықтың» айта қаларлықтай не істер атқарылды?

— Әңгімені өз ауданымнан бастайын. Алдымен Айданның әр қазағы, қажет болса, әр тұрғыны «Жолдастық» қоғамы әу баста қандай мақсатта құрылды, кімге қызмет етеді және олар қандай қызмет екенін білу керек. Ол үшін ауыл-ауылды аралап, адамдармен кездесіп, қазақ болсаң, ана тіліңді ұмытпа, мәдениетіңді, ежелгі салт-дәстүріңді сақта, арыңды таптатпа, намысты бол. Өзге елдің аспаны астында жүрсің, қандасыңа қайырымдылықты ұмытпа. Мүмкіндігің жетсе, жұмысқа орналастыр, үйрет, абыройын асыр. Қариясына сәлем бер, баласын бауырыңа тарт дегенді ұғындырдық. Сөйтіп, ауданның 11 ауылында «Жолдастықтың» бастауыш ұйымын құрдық. Ісіміздің алға басуына менің осы өңірде түрлі басшылық жұмыстарда және әр кезеңде аудандық кеңеске депутат (әлі де депутатпын) болғандығым көмекке келді. Қай ортада да сөзім өтіп, нәсілдестерімді қатарыма тарта білдім.

Біздің бұл ісімізге қарсылықтар да болмай қалған жоқ. Кейбіреулер, тіпті орындығы мықты басшылықтағылардың өзі «қазақтар неге өздерінің қай елде өмір сүріп жатқандықтарын білмейді, үй ішінен үй тігіп отырғандары несі? Қаражатты қайдан алып отыр, бәріне бақылау орнату қажет» деген әңгімелер таратты. Біз оларға «саясатта ісіміз жоқ. Бөлінуден де аулақпыз. Бар-жоғы ұлттық құндылықтарымызды жойып алмау әрекеті. Өзге этностардың өнегелі дәстүрлерін үйренейік, өз өнегеміздің өзгелерге үйретейік, жастарымыз жайдақтанбасын, жасымыз жалғызсырамасын, бәріміз бірлесе жұмыс істейік» дегенді айттық.

Іні-қарындастарымызды ортаға алдық. Үйленсе, келінге сырға салып, бетін аштық. Тәтті шайын ішіп, бесік тойын тойладық. Ұлын сүндетке отырғызып, қызын үкіледік. Үлкендерін төрге отырғызып, бата алдық. Ұлттық мерекелерді атап өтіп, айт шалдық. Наурыз тойын ауыл болып тойладық.

Әр ауылда «Жолдастық» арнаулы орнын ашып, оған кез-келген қазақтың қалаған уақытында бас сұғып, сырласар ортаға айналуына күш салдық. Не болмаса қарапайым мысал, ауданның түрлі елді-мекенінде тұратын бір қандасымыз жұмыс бабымен аудан орталығына келді делік. Бірақ, түске дейін шаруасы бітпей, түсқайтаға қалды. Не істеуі керек? Сондайда ол «Жолдастық» орналасқан үйге бас сұғып, ондағы қызметкерлер дайындаған күрең шайын құшырлана ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Қазақша газет-журналдармен танысып, кітаптар оқиды. Видео таспалардан ән-күй, «Отау ТВ» арқылы Қазақстанның қалаған облысының жаңалықтарын тыңдай алады. Сайп келгенде, бұндай дәстүр тек Құмөзекте ғана емес, Астрахан қаласындағы облыстық ұйымда да жүзеге асуда.

Құмөзек ауданындағы кеңсемізде әдейі журналист отыр. Ол бастауыш ұйымда атқарылған жұмыстың барлығын қағазға түсіріп, қордың тарихын қалыптастырады, қажет болса БАҚ-на береді, арнаулы кітап дайындайды. Аудан тарихы, айтулы адамдар жайлы бірнеше жинақ шығарылды. Бір қарағанда, бұл Астрахан қазақтарының өлмес тарихы, келешекке қалар қайырлы мұрасы.

Филиал жанында арнаулы заңгер бар. Ол әлімсақтан заң-законға шорқақ қазақтардың арыз-шағымдары болса қарап, құқығын қорғайды.

Қорғау дегеннен шығады, шет жерде жүрген қазаққа қай жағынан да қорғаны керек. Алдымен біз сол қазақтың намысын қорғауды міндет санаймыз. Ол үшін тыста жүрсек те, ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, өнерімізді өлтірмей, ұрпағымызға қалдырған дұрыс. Сондықтан, ағалар мен жас буын арасында байланыс артып, ортаға алғанды қалаймыз. Олар да ата-бабалары сынды әрдайым есігі ашық, төрі мейманына арналған қонақжай болса екен дейміз.

Бір қарағанда, «Жолдастықтың» жұмысы тікелей халықпен, қазақтармен жұмыс. Бірақ біз қанша дегенмен Ресей мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, іс-қимылдарымыздың бәрін қазақша, қазақи құндылықтар негізінде жүргіземіз деу қиын. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, 1960-1962 жылдардан бері мұнда жастарға білім беру тек орыс тілінде жүреді.

Тоқсаныншы жылдардың басында облыстың 92 мектебінде қазақ тілін жүргізу қолға алынған. Ресей үкіметі өткен жылдан бастап ондай ұлттық тілдерді мектептерде шектеу тәртібін енгізді. Соған сай, қазір облыстың тек 27 мектебінде ғана қазақ тілі түрлі деңгейде жүргізіледі. Ал, балабақша, мәдениет ошақтарындағы жұмыстар тым әлсіз, баяу жүреді. Өйткені, бұрындары білім, мәдениет министрліктері (Ресейде облыстық басқармалар министрліктер деп аталады) жекелеген этностық шараларға әжептәуір қаражат бөлетін. Қазірде оның жолы тіптен тарылды.

Өңірде жастарды жұмысқа орналастыру жайы қалай?

Бұл мәселені ұлтқа бөліп қарау қиын. Бірақ ауыр екені айдан анық. Оның үстіне қазіргі кезеңде қай жерде де тәжірибесіз маманды жұмысқа алмайды. Дегенмен билікке араласып, біраз жасты орналастырып келеміз.

Басқа жердегі сияқты Астрахан өңіріндегі жастар арасында теріс бағыттағы діни ағымға електеушілер бар. Осы жылдың басында ондайлардың саны 73 деп есептелетін. Әйтсе де, облыс бойынша дәстүрлі емес жат ағымдағы теріс әрекетке бақылау күшті. Елді мекендерде ондайлардың әрбір іс-әрекеті құқық қорғау органдары, күштік бақылау ұйымдарының ерекше назарында, Мектептерде әлгіндей әрекетке бейімі бар оқушы сыныптарға жіберілмейді.

— Әңгімені біз тек Құмөзек ауданы емес, жалпы Астрахан өңіріне қарай аударып келеміз. Ендеше, «Жолдастық» қоғамының бүгінгі іс-қимылында айта қаларлықтай оң өзгеріс бар ма? Өйткені, сіз аудан үшін байырғы басшы болғанмен, облыста жаңа адамсыз ғой.

— Өткен жылы қоғам басшылығы тұтастай жаңарды, оның дені жастар. Бұл жолы қоғам төрағасы болып жасы отыздан енді ғана асқан жігерлі жас Нұрлан Маянұлы Кандыков сайланды. Жастар жаңалыққа құштар және ұзын арқан, кең тұсауға жоқ қой. Бірақ өзгерістер бар, ол қуантады.

Алдымен, Астрахан қазақтары үшін негізгі проблема тіл болса, мұнда биылдың өзінде тілге арналып:

  1. Қазақ тілі пәнінің оқу-тәрбие ісіне арналған семинары;
  2. Оқушылардың қазақ тілінен олимпиадасы;
  3. Мектеп оқушылары арасында Абай, Жамбыл оқулары;
  4. Концерт жүргізушілер мен асабалар тілі тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды.

Өңірде қазақ тілінің дамуына айтарлықтай ықпалы бар құрал –

алғашқы санының шыға бастағанына биыл 25 жыл толған «Ақ арна» газеті. Ол қазақ және орыс тілдерінде шығады. Әуелгіде тазақ қазақ тілінде шығатын газет қаражат қиындығына орай сапасы төмендеп, таралымы да азайған еді. Биыл газетте де басшылық өзгерді. Мүмкіндік жақсарды. Басылым айдарлары жаңартылып, материалдардың мазмұнына мән берілді. Қазір ол облыстың түкпіріндегі ауылдарға жеткізіліп, кез-келген қарияның қолында жүр. Таралымы 40 пайызға өсті. Есесіне, облыс қазақтары қазақстандық газет-журналдарды да ала алмайды. Каталог бізге жетпейді. Жасыратын несі бар, жергілікті қазақтар арасында ұлтсыздану белең алуда. Қариялар мен орта буын болмаса, мектеп жасындағы, балабақшадағы балалар қазақ тілін білмейді.

Өткен жылы облыста бірінші рет өңірде тұратын қазақтардың «Жолдастой» деп аталатын мерекелік шарасы өтіп, онда еңбектің барлық саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізген озаттар, еңбек ардагерлері (қариялар), оқуда озат студенттер марапатталды. Аталған шараға алты мыңдай қандастарымыз қатысып, соңында ат жарыс, атан жарыс, спорттың басқа да түрлерінен, өнер саласы бойынша сайысқа түсті.

«Жолдастой» биыл да, қыркүйек айының екінші онкүндігі басында мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі алдында аталған дәстүрді жалғастырды. Бұл жолы қазақтар мерекесі Икрян ауданындағы Жакеев ауылында өтті. Оған Ресейдің Қалмақ Республикасы, Сартау, Волгоград, Самара, қазақстанның Атырау, Орал, Ақтау қалаларының өкілдер, өнер ұжымдары қатысты. Болашақта дәстүрге айналып, қандастарымыздың көз қуанышына айналады деп отырған бұл мереке биыл да үлкен белсенділікпен жақсы өтті. Болашақта Астрахан қаласының өзінде шаһар қазақтарымен жұмысты жандандыру үшін «Жолдастықтың» үш жерде жаңа қосындарын ашқалы отырмыз. Оның өзі қандастарымыздың үлкен елді мекенде бейтарап қалмай, бір-бірімен қоян-қолтық араласып, бірігуі, патриоттық әрекеттерінің оянуына негіз қалайды деген ойдамыз.

— «Жолдастықтың» облыстағы өзге этностық мәдени бірлестіктерімен байланысы қандай?

— Облыста 17 этно мәдени бірлестік бар. Бәрімен ұдайы байланысамыз. Олар біздерде өтіп жатырған келелі шараларға қатысып, Наурыз тойларын бірлесіп те өткізіп жатамыз. Бәрі де біздің қонақжайлығымызға ерекше таң қалады. Сондай-ақ, біздің тарихи отанымыз – Қазақстанмен де тығыз байланыстамыз. Оларда өтіп жатырған шараларға да бой көрсетіп, өнер додаларында бәйге төрінен көрінген сәттеріміз бар. Атырауда өткен 1000 адамдық домбыра оркестрі құрамында Алтынжардағы Құрманғазы атындағы мәдени орталықтың оркестрі де өнер көрсетті. «Жолдастықтың» Құмөзектегі филиалы жанындағы «Ажар» дуэті Ақтөбе қаласында өткен өнер сайысында бірінші орынды иеленсе, жақында Қырымда өткен халықаралық іргелі сайыста тағы да шеберлік биігінен көрініп, алғашқы орынмен оралды.

Астрахан – Ресей бойынша қазағы көп облыс. Соған сай өнерлі жастарымыз да жетерлік. Оған негіз де жоқ емес. Кешегі қазақтың төкпе күй өнерінің жарық жұлдыздары – Құрманғазы мен Дина, Ерғали Есжанов мен Сейтектердің біраз өмірі осы өңірде өтті, жамбастары жерге тиді. Шора Үмбетәлиев, Люция Төлешева, Амангелді Тәжібаевтар да осы топырақта туып-өсті. Саңлақтардың ізбасарлары өсіп келеді. Олардың бәрінің бірдей болашақта Қазақстанға қоныс аударуларына мүмкіндік жоқ. Бірақ тарихи отандарында өтіп жатырған өнер додаларына қатысқысы, нағыз шеберлерді өз көзімен көргісі, үйренгісі бар. Ол үшін Қазақстан тарапынан қң ниет, шақыру мүмкіндіктері болса екен дейді.

— «Жолдастықтың» жоғары басшылық, үкіметтік ұйымдармен байланысы қандай?

— Бұл сұрағыңызды мен екі жақты түсініп отырмын. Біріншісі, тарихи Отанымыздың билік органдарымен байланыс, екіншісі, жергілікті басшылықпен қарым-қатынас. Ешқашан қандай қоғамда да ешкімге тәуелсіз пенде, тәуелсіз ұйым жоқ. Мейлі ол материалдық, болмаса моральдық (саяси) жағынан болсын. әйтеуір басы байлаулы. Бұл санатқа біздің қоғам да жатады. Тарихи отанымызда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен ұдайы қарым-қатынастамыз. Олар қолдан келген көмегін аямайды. Жұмысымызға бағыт-бағдар береді. Ұйымдастырып жатырған келелі жиындарына шақырады, қатысамыз.

Жергілікті биліктің қандайымен де тікелей байланыстамыз. Қажет болса, облыстың бірінші басшысы А.А.Жилкинге, одан кейінгі әкімшілік басшысы Қ.З.Шантеміров, білім және мәдениет министрліктерімен ұдайы бірлікте жұмыс жүргіземіз. Әрине, олардан бізге келер материалдық көмек аз. Бірақ аудандық, ауылдық, қажет болса қалалық, облыстық атқарушы органдарымен бірлеспей жұмыс жүрмейтіні белгілі. Былайша айтқанда, «тауларды аласартпай, даланы гүлденту» (О.Сүлейменов) біздің қашанғы абыройлы борышымыз. Немесе қазақтың қара баласы, мейлі ол қызғалдақты қырқада, биік шыңды тауларда, жасыл желек бауларда жүрсе де күмбір домбыраның үнін, боз жусанның иісін, сарыарқа даласындағы ақ сақалды бабалары алақанының жылуын ұмытпауы керек. Бүгінгі ұрпақ қазақ деп аталатын үлкен үй – ұлы шаңырақтың бір-бір уығы. Кереге кең, аспаны биік болсын! Біз сол үшін қызмет істеп жүрміз.

Әңгімеңізге рахмет! Қазақ деп соққан жүрегіңізге тек қана адалдық тілейміз!

Өтепберген Әлімгереев

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының басшысы

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер