BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Абылайдың бір серігі Апыр батыр

 Тарихтың қатпарына көз жүгірсеңіз жоңғар шапқыншылығы тұсындағы  қазақ батырларының есімдері мен ерліктері   әлі күнге дейін толық зерттеліп, зерделеніп болмағанына куә боласыз. Демек, қазақ халқының нағыз ер жүрек батыр халық болғанының белгісі. Әр рудан  шыққан батырлардың   ерлігін дәріптеу олар жайлы жас буынға деректер ұсыну рухани құндылықтарға сусап тұрған дәуірде өте маңызды.

Біздің бүгінгі мақалада сөз еткелі отырған тарихи тұлғамыздың бірі – Апыр батыр. Найман-Матай-Төртқара руынан шыққан Апыр Қаракөзұлы жайлы деректер өте аз. Бір анығы бабамыздың да үш жүзге билігі жүрген   Абылайдың сенімді серіктестерінің қатарында есімі аталады.

Апыр бабамыздың ерлігін кейінгі буынға дәріптеп жүрген Мұрат Қазанбаев,  Дәрмен Оразбаев,  Сағындық Мұқанов, түркістандық  Балтабай Ахметов, Ә.Орынбаев сынды ел ағаларының тынымсыз еңбегінің арқасында  батырдың есімі  қайта оралды.

Апыр Қаракөзұлы  1700 жылы Ұлытауда туылған.  Есімінің өзі айтып тұрғандай ол өте алпамса денелі болған. Мұрат Қазамбаевтың айтуынша бабамыздың есіміне байланысты ел аузында мынадай бір оқиға бар екен.  Апыр өмірге келіп, анасы бесікке салғанда сыймай жатқан көрінеді. Сонда ауылда ұзақ өмір сүрген 90 жастағы қарт анаға барып,  «Абыз ана, өмірге келген сәбидің атын сіз қойыңыз. Сіздің жасыңызды берсін» деген екен ауылдастары.  Көптің тілегіне қарсы келмеген қарт ана  бесікте аяғы әрең сыйып жатқан алпамса денелі баланы көріп, «Апыр-ай, мынау бала тегін болмады. Мұның аты Апыр болсын» деген екен.

Ер жетіп, ес білгеннен қазақ даласындағы қанды жорықтарда Қаракерей Қабанбай, қарт  Қанжығалы Бөгенбай сынды батырлардан бата алып, жауына «Қаптағайлап» шапқанда астындағы сүлікқарасы ердің салмағын көтере білген жалғыз серігі болған деседі.

Қазаққа әр қиырдан тиген жауға бір тұтас ұлт болып тойтарыс беруде де Апыр батырдың көрсеткен ерліктері жайлы  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төкен Әлжантегі деректі хикая жазған болатын.

Тарихтағы «Бұланты-Білеуті» шайқасында да ерлікпен жаудың жер жастанып, қазақ халқының рухын көтерген батырлардың сапында біздің Апыр бабамыз да бар деген соңғы деректер де шығуда.

Жақында редакцияға Астанадан арнайы ат арытып келген Дәрмен Оразбаев ағамыз бізге сүйінші хабарды  жеткізді.  Бірнеше жылғы ізденісінің нәтижесінде осыған дейін Апыр батыр 1739 жылы өмірден өткен соң сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне  жерленген деген деректі Түркістан қалалық «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан берілген анықтама қағазы растады.

Бұл хабар Апыр батырдың ұрпақтары үшін өте қуанышты жағдай. Себебі, қасиетті мекенде түбі бір түркі жұртына есімі мәшһүр болған Абылай  ханмен қатарласа Апыр бабамызға топырақ бұйыруы тарихи оқиға.

Абылайдың серіктесі болған Апыр бабамыз жайлы деректер әлі талай  жазылып та айтылып та жатар. Себебі,  бабамыз жайлы деректер толық зерттеліп біткен жоқ.

Алдағы уақытта «Бұланты-Білеуті» өзенінің бойында Апыр батырға ескерткіш орнату жоспарлануда.

Бағдат Қазкенов.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер