BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

ОҚЫҢЫЗДАР! ӘБІЛМӘМБЕТ ХАН

 Әбілмәмбет хан – XVIII ғасырдың 30-60 жылдары аралығында қазақ қоғамының ішкі және сыртқы саяси тарихында белгілі бір дәрежеде рөл атқарған, сондай-ақ бірнеше ғасыр бойы қазақ мемлекетінің саяси тізгінін өз қолдарында ұстаған билеуші әулеттің өкілі болған тарихи тұлға.

 

 

Әбілмамбет хан

 

Ол - біртұтас Қазақ мемлекетінің соңғы билеушісі Тәуке ханның туған немересі болып келеді. Тарихқа тереңдеп барсақ, оның арғы ата-бабалары атақты Шыңғысханнан бастау алады. Ал оның шежіресін бергі жағынан қайырсақ, онда оның тегі қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханмен тікелей байланысады. Жәнібек ханнан Тәуке ханға оның ата-бабалары былайша тармақталады. Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі – Жәдік сұлтан. Кейбір деректерде ол хан лауазымымен аталады. Ол XVI ғасырдың 20-30 жылдары Жыланды төбе деген жерде ноғайлармен болған ұрыстардың бірінде қаза тауып, Үргеніштегі Бақырған ата қорымына жерленеді. Қадырғали Жалайырдың жазуынша оның ұлдары өте көп болған, солардың ішінде елге әйгілі болғандары төртеу. Олар – Тоғым хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан және Мәлік сұлтан. Әбілмәмбет хан осы Шығай ханнан өрбиді. Шығай ханның деректерде айтылатын сегіз ұлының бірі – Есім хан. Тарихымыздағы «Еңсегей бойлы ер Есім» дегеніміз - осы тұлға. Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының болғаны көпшілікке мәлім. Олар – Жәнібек хан, Жәңгір хан және Сырдақ сұлтан. Жәнібек ханның ұрпақтары белгісіз, Сырдақ сұлтаннан – Қайып хан (1718 жылы қайтыс болған). Жәңгір ханнан - Уәлибақы мен Тәуке хан. Жәңгір ханның бірінші ұлынан атақты Абылай хан таралады. Ал екінші ұл - Тәуке ханнан бес ұл туылады. Олардың есімдері: Болат хан, Тұрсын сұлтан, Мұрат сұлтан, Сәмеке хан және Қасым сұлтан. Болат ханның 1718-1723 жылдары хан болғаны тарихтан белгілі. Болат ханның қанша ұрпағы болғаны белгісіз, жазба деректер мен шежірелерде тек бір ғана ұлдың есімі айтылады. Ол – Әбілмәмбет хан.

 


Әбілмәмбет ханға қатысты деректердің жазба түрін XVIII ғасырдың 30-60 жылдарындағы қазақ-орыс және қазақ-қытай қатынастарын сипаттайтын материалдардан көруге болады. Қазіргі күнде ол материалдардың бірталайы осы кезеңдегі қазақ-орыс қатынастарын баяндайтын арнайы ғылыми жинақта, қытай тілінен қазақ тіліне аударылған материалдарда, жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне арнап шығарылған деректер мен құжаттар жинағында кездеседі. Сондай-ақ ауызша материалдардың, әсіресе шежірелік материалдардың біршамасы хандар шежіресінде ұшырасады. Ал Отандық тарих ғылымында Әбілмәмбет ханның өміріне, қызметіне, тарихи рөліне арналған әлі күнге дейін толыққанды зерттеу жұмысының жазылмағанын айтып өтеміз. Оның есімі оқулықтар мен XVIII ғасырдағы қазақ-орыс, қазақ-жоңғар және қазақ-қытай қатынастарына байланысты кездесіп қалады да, авторлар сол тұстардағы оқиғаларды сипаттаумен ғана шектеледі. Қазақтың белгілі тарихшысы Жанұзақ Қасымбаев өмірінің соңғы жылдары XVIII – XIX ғасырлардағы қазақ билеуші тобының бірнешеуіне арналған жеке монографиялық еңбектер жазып, тарихымызда жаңа бағытқа жол салған еді. Ол зерттеулерде Әбілмәмбет ханның есімі Орта жүз мәселесіне қатысты кездесіп қалатын да, автор тарапынан оның тарихи болмысына онша жағымды тұжырымдар айтылмайтын. 1998 жылы жарық көрген Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 1-ші томындағы «Әбілмәмбет» атты қысқаша мақаласында Ж.Қасымбаев ол жөнінде мынадай пікір білдіреді: «...Жоңғар шапқыншылығы елге қауіп төндіріп тұрған жылдарда елдің басын қоса алмады. Алайда Абылай, Барақ сұлтандардың қазақ руларын қалмақтарға қарсы ұйымдастыруына кедергі жасамады... Әбілмәмбет халық тарихында, хандық билігін сарқа пайдалана алмаған қайраткер ретінде белгілі. Халық шежіресінде де Әбілмәмбет ел үдесінен шыға алмаған «ақсүйек» ретінде сипатталған». Қазіргі күндерде осы тұжырым Әбілмәмбет ханның тарихи бейнесіне қатысты басты тұжырым болып отыр.

 


Төменде біз Әбілмәмбет ханға қатысты деректер мен материалдарға сүйене отыра, сондай-ақ әртүрлі авторлардың оның өмірі мен қызметіне қатысты жасаған тұжырымдарына талдау жасай келе, тарихи тұлғаның болмысына назар салып көрелік.

 


Әбілмәмбет ханның туған жылы туралы мәселеге келсек, көптеген авторлар ешбір деректерге сүйенбей-ақ бұл датаға 1690 жылды көрсетіп жүр. Біз бұл жылды жоққа шығармаймыз, бірақ та нақты дерек болмағандықтан ханның туған жылы деп шамамен XVII ғасырдың 90-шы жылдарының іші деп есептейміз. Ол дүниеге келген жылдары қазақтың ресми ханы Тәуке хан болғандықтан Әбілмәмбеттің жас кезінен бастап сол кезеңдегі дәстүрге сай жақсы білім мен тәрбие алғаны белгілі. Әрбір хан немесе сұлтан өз әулетінде дүниеге келген жас өкілді міндетті түрде болашақта елді, мемлекетті басқара алатындай, соғыс өнері мен әскер басқаруды жетік білетіндей етіп тәрбиелейтіні белгілі. Ол үшін тіпті арнайы адамдар белгіленеді де, олар аталық деген лауазымды иеленеді.

 


Әбілмәмбет ханға тікелей қатысты жазба деректер алғаш рет 1730-шы жылдардың басында орыс тіліндегі құжаттарда кездесе бастайды. Ресей Сыртқы істер коллегиясының 1730 жылғы 30 қазанындағы құжатында Әбілмәмбеттің есімі алғаш рет айтылып, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қосып жазылады. Осы құжатта сол жылдардағы қазақ қоғамындағы саяси биліктің ең жоғары биігіне көтерілген алты хан-сұлтанның есімдері, олардың халқының саны мен орналасқан қалалары, көшіп-қонып жүрген аймақтары айтылған. Олар мыналар: Әбілқайыр хан, Барақ пен Әбілмәмбет хандар, Сәмеке хан, Күшік хан және Жолбарыс хан. Бұл жерде Барақ пен Әбілмәмбетті орыс дерегі хан деп көрсеткенімен олар сол кезде сұлтандар болатын. Ал Әбілқайырдың Кіші жүздің билеушісі, Сәмекенің Орта жүздің билеушісі болып Түркістанда отырғанын, Жолбарыс ханның Ұлы жүздің билеушісі ретінде Ташкентте отырғанын, ал Күшік ханның Сайрамда билік құрып жатқанын осы құжаттағы мәліметтер айтып өтеді. Дәл осы сипаттағы, бірақ одан да нақтырақ мәліметті 1731 жылы қазақ жеріне келген тілмаш М.Тевкелевтің күнделігінен кездестіреміз. Онда ол табын Бөкенбай батырдан қазақтар туралы мынадай құнды деректерді жазып алады: «қазақтар Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деген бөліктерден тұрады. Ұлы жүз алыста, Бұхара жақта жайлап-қыстап жүреді және Орта жүзбен, Кіші жүзбен көп байланысы жоқ. Олардың Жолбарыс деген өз ханы бар. Орта жүзде екі хан: Сәмеке хан мен Күшік хан және екі сұлтан – Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет сұлтан. Ал, Кіші жүзде хан біреу, ол Әбілқайыр. Сұлтандар екеу: Батыр сұлтан Әбілқайыр ханның жиенін алып отырған күйеу баласы, екіншісі Әбілқайырдың ұлы Нұралы сұлтан». Осы жерде не себепті алғашқы орыс дерегі Әбілмәмбетті Барақпен бірге үш жүздің хандарымен бір тізімге қосып айтқан деген заңды сұрақ туады. Ал Бөкенбай батыр қазақ қоғамын өте жақсы білетіндіктен М.Тевкелевке айтқан мәліметінде қазақтарда кімнің хан, кімнің сұлтан екенін өте дәл көрсетіп отыр. Егерде хандар шежіресіне қарасақ, XVIII ғасырдың 30-шы жылдары қазақ қоғамында Барақ пен Әбілмәмбеттен және екінші деректегі Батыр сұлтан мен Нұралы сұлтаннан басқа сұлтандық лауазымы бар көптеген билеуші әулет өкілдерін кездестіруге болады. Олардың ешқайсысының есімі ресми орыс дерегінде айтылмай, тек жоғарыдағы сұлтан дәрежесін иеленген тұлғалардың есімдері хандармен қатар тұрғаны қызықты жайт. Біз оның себебін мынадай жағдайлармен түсіндіруге тырысамыз. Біріншіден, есімдері аталған сұлтандар өздерінің жеке қасиеттерімен ерекшеленіп, халық алдында беделге ие болған тұлғалар. Олардың өздері басқарып отырған ру-тайпалары, яғни бір қауым елі бар және XVIII ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ-жоңғар қатынасы шиеленісіп, жоңғарлар шапқыншылықтары күшейген кезде, әсіресе жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету күресінде жоғарыдағы сұлтандар Әбілқайыр хан және Сәмеке ханмен бірге қазақ жасақтарына басшылық жасайды, сөйтіп, халық алдында жағымды жақтарымен көзге түседі. Олардың ел алдында беделі өсіп, абыройлары артады.

 


Екіншіден, есімдері аталған сұлтандар қазақ қоғамындағы билеуші Жәнібек хан әулетінің әрбір мықты тармағының немесе бұтағының белсенді өкілдері болып саналады. Барақ сұлтан – Шығай ханның Ондан сұлтан атты ұлынан тарайтын Көшек сұлтанның төртінші ұрпағы болып келсе, Батыр сұлтан – Есім ханның Сырдақ атты ұлынан өрбіген ұрпақ, Қайып ханның ұлы. Ал Әбілмәмбет болса, Жәңгір ханнан, Тәуке ханнан, Болат ханнан тікелей таралған тұлға. Осылайша, әрбір сұлтанның жеке қасиеттері мен киелі әулеттің өкілі болуы, ең бастысы XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының соңында жоңғарларға қарсы күрестегі басшылық рөлі – оларды сол тұстағы қазақ қоғамының саяси өміріндегі шешуші тұлғалардың біріне айналдырады. Міне, сол себепті де Әбілмәмбет сұлтан 30-шы жылдардың басында хан болмаса да, жаңағыдай себептерге байланысты орыс деректерінде хан лауазымымен айтылады және есімі ресми хандардың есімдерімен қатар айтылады. 1731-1732 жылдары Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз билеушілерінің бір тобы, Орта жүзде Сәмеке хан, Күшік хан және Барақ сұлтандар Ресейдің қол астына кіру саясатын жүргізгенде Әбілмәмбет сұлтанның қандай бағыт ұстағаны белгісіз. Қазақ – орыс қатынастарының жинағында дәл осы кезеңдегі оқиғаларға қатысты оның есімі аталмайды. Соған қарап біз, 1731-1732 жылдардағы қазақ билеушілерінің Ресеймен жақындасу, оған арқа сүйеу, оның қоластына ену сияқты саясатын Әбілмәмбет сұлтан қолдамаған деп санаймыз. 1730-шы жылдардың ортасынан бастап Әбілмәмбет сұлтанның саяси көзқарасы анық байқала бастайды. Біз оны осы жылдарда өте маңызды болып саналған башқұрт мәселесіне байланысты екенін байқаймыз. Тарихтан белгілі Ресей құрамындағы башқұрт халқы отаршылдыққа қарсы бірнеше рет көтерілістер жасайды. Сондай көтерілістің бірі – 1735-1737 жылдары өтеді. Ресей бұл көтерілісті аяусыз басып, қанға бөктіреді. Башқұрттардың өзі екіге бөлініп, бірі орыстарға толық бағыныштылығын мойындаса, екінші бөлігі қарсылық білдіреді. Жеңілген башқұрттар қазақтардан көмек сұрайды, қазақ жеріне қашып келіп паналайды. Мәскеудің тапсырмасымен Орынбор әкімшілігі башқұрттарға қарсы қазақ халқын айдап салуды жөн көреді де, осы бағытты жүргізе бастайды. Осыған байланысты қазақ билеуші тобы арасында да әртүрлі көзқарастар қалыптасады. Қазақ арасында болған орыс тыңшыларының мәліметтеріне қарағанда Орынбор әкімшілігінің башқұрт халқына қатысты саясатын Кіші жүз билеушілерінің бір тобы қолдаса, Әбілмәмбет сұлтан екіұшты саясат ұстауға мәжбүр болады. Орыс тыңшылары Әбілмәмбет сұлтанға башқұрт жетекшілерінің жиі келіп, әскери көмек сұрайтындығын, олардың басшылары қазақтарды Ресейге қосылмауға үгіттейтіндігін, екі халықтың бірігіп Ресейге қарсы соғыс ашуы қажеттігін айтатындығын хабарлайды. Егерде Әбілмәмбет сұлтан жан-тәнімен орысқа берілген болса, онда башқұрттар жағынан оның ауылдарына орысқа қарсы адамдар келмес еді, мұндай үгіттеулер болмаған болар еді. Әбілмәмбет бір жағынан башқұрттарға іш тартып, оларға аяушылықпен, олардың мәселесіне түсінушілікпен қараса, екінші жағынан башқұрттардың Әбілмәмбет ауылдарына жиі келетінін Ресей жағының біліп отырғанын сезіп, башқұрттарға ешқандай көмек бере алмайды. Тіпті өзінің Ресейге дос екендігін білдіру үшін өзіне қарасты рулардың өз батырларымен бірге башқұрттарға жорық жасауын көрмегендей болады. Бұл туралы ол Абылай сұлтанмен бірге Тевкелевке жазған хатында айтады. Онда ол былай деп жазады: « Біздің рұқсатымыз болмаса да, басқалардың да айтқанын тыңдамай, Сіздерге қарай 200 қазағымыз аттанып кетіпті. Әлденені бүлдіріп, патшаның еліне бүлік салып, бізді ұятқа қалдыра ма деп хабарлап отырмыз». Міне, осы және басқа да құжаттар Әбілмәмбеттің башқұрт мәселесіне қатысты ұстанған саясатын көрсетеді.

 


1737 жылы Орта жүз ханы Сәмеке қайтыс болады да, 1738 жылы, бір деректерде 1739 жылы Әбілмәмбет сұлтан Орта жүзге хан болып сайланады. Бұрын ол Тобыл мен Есіл өзендері бойында көшіп-қонып жүрсе, енді хан болып сайланғаннан кейін, Түркістан қаласына көшіп келеді. Орта Жүздің ханы ретінде Әбілмәмбеттің саяси іс-әрекеттерінің шеңбері кеңейеді де, ол қазақ-орыс, қазақ-башқұрт, қазақ - қалмақ және қазақ –жоңғар қатынастарына белсене араласа бастайды.

 


Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, Орта жүз тікелей Қытаймен қарым-қатынас жасаса бастайды. Мұнда да белсенділік Абылай сұлтанның қолында болады. Көптеген қытай тіліндегі құжаттарда Орта жүзге байланысты мәселелерде негізінен Абылайдың есімі кездесіп отырады, ал Әбілмәмбеттің есімі Абылайдан кейін тұрады, кей жағдайда тіпті мүлде айтылмайды.
Әбілмәмбет хан өмірінің қалған жылдарының бәрін Түркістан қаласында өткізеді де, 1771 жылы осында, шамамен 80-нің үстінде қайтыс болады. Оның денесі қаладағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңына қойылады.

 


Әбілмәмбет ханның артында Болат, Әбілпейіз, Тәуке және Әбүлтек (Бөлтірік) есімді ұлдары қалады. Үлкен ұл – Болат арғын тайпасының қуандық тармағындағы алтай руын басқарса, екінші ұлы Әбілпейіз сұлтан – Орта жүздің беделді сұлтандарының бірі болып, найманның бір бөлігі мен қаракерей руларына сұлтан болған. Тәуке сұлтан - Ұлы жүздегі сіргелі мен сары үйсін тайпаларының бір бөлігін билеген. Нақты тарихи деректер бойынша бұл төрт ұлдан тараған Әбілмәмбет ханның ұрпақтары қазіргі кезде өздерін тегі жағынан төре тұқымымыз деп атап, Қазақ елінің әр аумағында өмір сүріп жатыр.

 


Дайындаған Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
12 Маусым 2018, 15:39
Абылай хан
Пікірлер