BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Киелі мекен

 Замана көші әр дәуірде тарих сахнасына ұлы тұлғаларды алып келгенде, сол тұлғалар халық алдында өзінің жарқын қасиеттерімен көрініп отырады. Осындай тұлғаның бірі Алматы қаласының тұрғыны Садықов Сайын. Ол 1943 жылы Тасқабақ ауылы Байғанин ауданында дүниеге келген.  Бүгінде Сайын ағамыз Алматы қаласындағы  С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің онкология, маммология және сәулемен емдеу кафедрасының доценті, м.ғ.к, ҚазҰМУ профессоры, жоғарғы санатты радиолог. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Көпті көрген көненің көзі Садықов Сайын ағамызбен әңгімеміз  Доңызтаудан шыққан әкелі балалы қос ахун Жұмағали, Жиенғали аталарымыз туралы өрбіді. 
«Жердің көркі ел, елдің көркі ер» деген аталы сөздерді қадір тұтқан әрбір азамат өзінің атамекенін бір сәтте ұмытпас,- деп ақсақал шешіле сөйледі. Кіндік қаны тамған, балдай тәтті балалық шағы өткен жер кім-кімге де ыстық, дүниедегі ең жақын мекен...
Адам сияқты, жердің де бағы бірде биіктеп, енді бір кезде аласаратынын көріп біліп жүрміз. Қазекем «Ел болмаса жер жетім» дегенді әбден көзі жеткесін айтқан. Бір кезде ел қонып, дүйім жұрт тіршілік еткен құтты мекен жылдар өте келе осында қоныс тепкен адамдар тұрымтай тұсына дегендей, әртүрлі жағдаймен басқа жаққа көшіп кеткен соң күні кеше атағы жер жарып тұрған жер құлазып, бұрынғы көркінен айрылып қалады екен. Халқымыздың «Елу жылда- ел жаңа» дейтіні де содан шығар. Аға буын өкілдері болмаса кейінгі ұрпақ бұл жерді бұрын ел жұрт жайлағанын біле бермейді. Содан болар қазір ол жер жұпыны көріксіз жапан дала. Тек қана ата-бабаларымыздың зираты үнсіз мүлгіп жатыр. Көргенін, білгенін айтпаса, аға кінәлі деген. Доңызтауда 7 мешіт болған, онда ишандар халықты   сауаттандырған. Ал біз сөз еткелі отырған  Тасқабақтағы мешітті 1892 жылы Жұмағали ишан салдырған. Бұл мешітті соғыс жылдарында халық астығын сақтайтын қамба қылып, игілігіне жаратқан. Ислам дінінде дін істерімен енді айналыса бастаған адамды молла басы дейді. Одан  жоғарысы молла. Одан жоғарысы дамолла. Дамолладан да білімі жоғарысы - ахун. Халық дін қызметкерлерінің әйелін - «елті», ишанның баласын «мақсым» деп атайды.  Жұмағали ахун – атақты Оразалы ишанның бел баласы. Арғы атасы әрі ғұлама, әрі би болып исі табын еліне төрелік айтқан Ербатыр ишан екен. Жұмағали ахун ХІХ-ғасырдың 60 жылдары шамасында Доңызтауда дүниеге келген. Руы Табынның ажым деген тайпасы. Әліп пен әбжадты тілі шыға үйренген болашақ ахунды әкесі буыны қатар қатпастан сонау Мысыр еліне оқуға жіберген. Мысырдағы «Ал – Аскария» медресесінде оқып жатқанда, әкесі Оразалы ишан қайтыс болады. Ол кездегі тәртіп бойынша медреселер ақылы болса керек. Оқуға әбден құмартқан зейінді Жұмағали сол жерде арабпен келісім - шартқа отырып, оқуын бітірген соң айтылған медреседе оқытушы болуға келісім береді. Содан 1874 жылдардың орта шенінде меккеге қажылық сапарымен Досжан ишан барған. Осы сапарында Досжан хазірет медресені енді бітіргелі жатқан Жұмағалидің атын естіп, кездесіп сөйлеседі. Келісім - шарт жасасқан араб азаматымен де сөйлесіп, келісім жолымен ризаласып жас ғұлама жігіт Жұмағалиді еліне алып қайтады. Алғаш өзі салдырған мешітке имам етіп тағайындайды. Алғыр да зерек араб - парсы, түркі, орыс, француз тілдерін өте жетік білетін жас жігіт, сауаттылығымен де, атақты бірақ діні қатты хазіреттің сеніміне ие болса керек. Оның белгісі ретінде Жұмағалиға өзінің қызы Үммагүлсімді беріп күйеу бала етеді. Жұмағали атамыз 1880 жылы Жиенғали атты ұлды болады. Досжан хазірет – Табынның Қоңыр деп аталатын руынан. Атақ - даңқы алты алашқа, тіпті ақ патшаның өзіне дейін жеткен адам. Осында мударрис болып жүрген Жұмағали ахунға сонау Доңызтаудағы өз туыстары, алдына Өтәлі қажыны салып, арнайы Досжан ишанға келеді. Мақсаттары хазіреттен Жұмағалиді сұрап алып еліне апарып мешітке имам ету. Хазірет өтініштерін қабыл алып, күйеу баласы мен қызына батихасын берген. Бұл шамамен 1892 жыл. Елінің мешіт деп жар салып жүргені, әншейін үй. Дүниенін төрт бұрышын түгел аралаған ахунға мүлде ұнамайды. Сондықтан өз сызбасы бойынша Көрсайдан қашықтау айналасы өзен сулы, керуен жолына да ыңғайлы Тасқабақ деген мекеннен жаңа мешіт салдырады. Жұмағали ахун 1890 жылдар ішінде Петербургке бірнеше рет барған. Бір барған сапарында «пантюркист» деген айып тағылып абақтыға түседі. Бұл кез Россия патшалығының бұратана елдерді христан дініне енгізу туралы миссионерлік саясаттың астыртын жүріп жатқан шағы. Ахун 1905 жылы қайтыс  болған. Зираты Тасқабақта. 
Баласы Жиенғали ахунның да өскен ортасы дін исламды насихаттаған ағартушы - мударристер арасы болды. Арабша, парсыша, түрікше, орысша сауаттанған. Ресей қалаларының біразын аралаған. Патша үкіметі кезінде саяси сенімсіз адамдар қатарында алынған. Жиенғали ахун өткен ғасырдың басында Стамбулға барып медреседе оқиды. Бірақ оқуын толық бітіре алмайды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін еліне қайтуға мәжбүр болған. Оқуын Орынбор қаласындағы атақты «Хуссайния» медресесінде жалғастырады. 1940 жылдардың басында елдегі ахуалға байланысты  Жиенғали ахун Қарақалпақстанға өтеді. 1941 жылы тұтқындалып, Магаданға айдалады. Бұл оның төртінші рет қамалуы еді. Қайта - қайта тұтқындау, Сібірдің жанға жайсыз ауасы ахунды әлсіретіп сырқатқа шалдықтырады. Ол 1943 жылы 63 жасында  Нұрымтүбекте қайтыс болады. Патша тұсында дін өкілдеріне, сенімсіздік көрсету көп болған. Жиенғали ахунның 3 қыз, 2 ұлы болған. Қыздары қуғын - сүргінде жүрген әкесін уайымдап тұрмыс құрмаған. Ал баласы Ғайнетдин Жұмағалиұлы оқыған мұсылманша сауатын өз әкесінен алған. Дәрігер мамындығын игерген. Қырқыншы жылдардың басында жазықсыз ұсталып, Сталиндік репрессияның құрбаны болған. Зейнутдин Жиенғалиев ата-бабасы туралы естеліктерді майын тамызып айтып беретін зиялы қарт. 1927 - 1943 жылдар аралығында бірнеше рет қамалып, қуғын - сүргінге ұшыраған. Зейнутдин ағай 1934 жылы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловамен бірге оқыған. 1931 - 1933 жылдардағы аштықты көрдік қой, қаншама халық қырылды, басымыздан өткердік дейтін.  Әкесі қайтыс болғаннан кейін отбасы қатаң бақылауға алынады. Зейнутдин аға менің үйім КГП-ның қатаң бақылауында болды. Өзімді - өзім еркін ұстаудан, емін - еркін жүріп тұрудан қалдым. Бойымды үнемі үрей биледі  деген еді. Зейнутдин Жиенғалиев «І - дәрежелі отан соғысы» орденімен, еңбектегі ерлігі үшін медалімен, 1955 жылы Өзбекстан халық білімдендіру  ісінің озаты, 1960 жылы Қарақалпақстанға еңбегі сіңген  құрметті мұғалім  атағы берілген. Мұсылманшылықты жергілікті халықтың қанына сіңірген ғұламалар екенін, бүгінгі ұрпақ жете білгенін қалар едім деп, - сөзін аяқтады Сайын Садықұлы. Кешегі кеңес үкіметімен коммунистік партияның қудалауына түспеу үшін халық дінді уағыздамақ түгілі, Алла деген сөзді айтудан қорыққан. Өткен ғасырдың 30 жылдары молдаларды, дін жолына түскендерді кеңес үкіметінің аяусыз қатаң жазалағанын тарихтан білеміз. Менің өзімде Доңызтаудың төл перзенті болғандықтан, елім деп жырлаған ерлерімнің шежіресін тыңдап отырғанда, туған топырақтың тарихы көз алдымда кино лентасынтай тізбектеліп өтіп жатты. Бала кезімде әкем Сағымбай біздерге «ол жерді баспаңдар, кезінде мешіт болған» деп ескертетін. Мешіттің орны төмпешік болып жататын. Жан - жағына алаңдап құран оқитын,  ескіше оқыған, сүрелерді жатқа айтатын жан еді. Бүгінде ойымыздағыны қаймықпай еркін айтып отырғанымыз Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасы. Әйтпесе кешегі кеңестік заман келмеске кетпегенде ахундар туралы халық та, біз де ештеңе білмес едік. Қазақстанның өз алдына мемлекет болып тәуелсіздік алғанның арқасында өткен кеткенді саралап түгендеуімізге мүмкіндік туды. Тарихтың ақтаңдағына айналған есіл ерлеріміздің есімін халқына қайта табыстырып жатқан, өшкенімізді жандырып өлгенімізді тірілткен дәуір туды. Соның шапағатымен біз де бір жерден шыққан екі ахун туралы естіген білгенімізді ортаға салдық. Екі ахун – екі әулие. Олар дүниеге, байлыққа қызықпаған. Қасиетті дін исламды көзінің қарашығындай қадірлеп, имандылықты, ізгілікті уағыздаған. Туған жерімде ұлы адамдар болғанын мақтан етемін. Олар менін ғана емес, барша ауылдастың мақтанышы. Жердің де киелі екенін ескерер болсақ, ишандар мен ахундар шыққан шағын ғана Доңызтау - нағыз киелі, қасиетті мекен!

Салтанат Сағымбаева.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер