BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Шетелдіктер Қазақстан паралимпиадашыларымен бәсекелесуден қорқады – маман

Фото: Гүлжан Раманкулова

2018 жылы наурыздың 9-18 аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында қысқы Паралимпиада ойындары өтеді. Ел құрамасының дайындығы мен спортшыларымыздың бабы туралы Ұлттық Паралимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері жөніндегі сарапшысы Рауан Сәтжановтан сұрадық.

Оңтүстік Кореядағы қысқы Паралимпиада ойындарына Ұлттық Паралимпиада құрамасының 7 спортшысы 6 лицензия бойынша пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан қатысады. Оның 5-еуі ер адам, 1-еуі әйел және бір спортшы гид бар. Спортшының гиді – көзі нашар көретін спортшыны алып жүретін арнайы маман.

Рауан мырза, спортшылардың дайындығы жөнінде айта кетсеңіз...

Олардың дайындығы 2 жыл бұрын басталды. Содан кейін бірінші халықаралық оқу-жаттығу жиыны өткен жылы маусым айының соңында болды және екінші дәл осындай жиын биыл қаңтар айында Германияда өтті. Сондай-ақ, жазда спортшылар түгел медициналық тексеруден өтті. Негізінен, Алматы, Шучье қалаларында жаттықты. Ал, қазір Паралимпиада ойындары алдындағы 3 апталық жаттығу Алматыда өтіп жатыр.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Ұлттық құрамада қысқы спорт түрінен қанша спортшы бар?

Бүгінде Ұлттық құрамада 15 шақты спортшы бар. 7-8 спортшы қазір толық дайын деп айта аламын. Олардың орташа жасы – 27-40 аралығында. Басқа елдермен салыстырғанда да, бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені, әлем бойынша 25-35 жас аралығындағы спортшылар жарысып жүр. Бізде тағы жас спортшылар бар. Олар осы Пхенчхандағы Паралимпиададан кейін Пекинде өтетін қысқы ойындарға дайындалады.

Спортшылардың толық дайындалуында қаражат жағынан қиындықтар болды ма?

Жоқ, қиындық болмады. Мемлекет, демеушілеріміз бен ҰПК басшылығы ақша бөліп, параспортшылардың дайындалуына жағдай жасады. Қажетті құрал-жабдық, шетелдегі оқу-жаттығу жиындары және т.б. керектінің бәрі болды. Мысалға, биатлоннан барлық категорияға сәйкес келе беретін пневматикалық қару алынды. Бұған дейін Қазақстанда мұндай жабдық болмаған.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Спортшылардың көңіл-күйі, жеңіске деген құлшынысы жөнінде айтып берсеңіз...

Қазір олардың мотивациясы жақсы. Ұлттық Паралимпиада құрамасының капитаны Колядин Александр деген спортшымыз бар. Оның жасы 40-тан асқан. Команданы да ерекше күшпен, рухпен алып келеді. Александр Сочидегі ойындарға қатысты. Сондықтан ол Паралимпиаданың маңыздылығын, оған іштей қалай дайындалу керектігін біледі. Ал, спортшыларымыз ел намысын қорғауға дайын.

Енді осы Паралимпиададан қандай жетістік күтеміз?

Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандықтар жалпы командалық есепте бесінші орынға тұрақтаса да, біз үшін үлкен жетістік. Себебі, бұл спорттан енді-енді халықаралық жарыстарға шығып, өзіміздің алға қойып келген жоспарымызды кезең-кезеңімен орындап жатырмыз. Шаңғымен жарыс, биатлоннан спортшыларымыз алып кете алады. Жақында қысқы спорт түрінен следж хоккей қосылды. Орал қаласындағы спортшыларымыз осы ойын түрімен шұғылдануы үшін арнайы жабдықты алып бердік. Қазір олар жаттығуды бастап кетті.

Фото: Гүлжан Раманкулова

Биылғы қысқы Паралимпиадаға қатысатын спортшылардың ішіндегі ең жасы және қыз спортшымыз туралы айтып берсеңіз...

Петропавл қаласының тумасы – Герлиц Александрды айтуға болады. Ол спортпен белсенді түрде шұғылданбаған. Тек жол апатынан кейін жарақат алып, мүгедек болып қалады. Содан соң паралимпиадалық спортқа бет бұрады. Өмірге деген көзқарасын өзгертіп, қиындықпен күресіп, бүгінде көп белесті бағындырып келеді. Ал, спортшы Жаңыл Балтабаева туралы айтсам, ол Тараз қаласының тумасы. Бірақ қазір Алматы қаласында тұрып жатыр. Кішкентай кезінен спортпен шұғылданады. Жүзуден республикалық жарыстарға қатысқан. Тағы ол параканоэмен айналысады. Сөйтіп, осы спорт түрінен Ташкентте өткен параканоэден Азия чемпионы атанды. Ал, қысқы спорт түрінен шаңғы жарысымен айналысады. Сочидегі Паралимпиада ойындарына қатысты. Ол кезде біздің міндетіміз команданы құру, қазақстандықтар да Паралимпиадаға қатысады деген норманы орындау болды. Сондықтан, спортшыларымыздың қатысқанын жетістік деп есептедік.

Қазір біз командалық есепте үздік ондыққа кіріп тұрмыз. Халықаралық аренада бізді жақсы таниды. Пекинде бізді Қазақстан келді деп «сескенетіндей» нәтижеге жетеміз. Өйткені, қазіргі жоспарымыз бен оны орындауымыз, дамуымыз – осыған дәлел. Оның үстіне, қазір шетелдіктер Қазақстан құрамасымен бәсеке болудан қорқа бастады. Яғни, спортшыларымыз аз уақыт ішінде жақсы нәтижелер көрсетті.

Паралимпиада спортшыларымен жұмыс істеген қаншалықты қызық?

Шынымды айтсам, мүгедектердің спорты, мүгедектерге арналған спорт деген ұғым ұнамайды. Өйткені Паралимпиада құрамына тек дайын кәсіби спортшылар келеді. Оларды емдеу шаралары жасалмайды. Сондықтан рух-жігері мықты, қайсарлы спортшылармен жұмыс істеу, олардың жетістіктерін көру, бірге ұмтылу – мен үшін мәртебе. Оның үстіне, біз Қазақстанның намысын қорғаймыз. Қазақ үшін бұдан асқан бақыт жоқ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер