BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

ҰҚШҰ саммиті: Назарбаев қандай мәселелер талқыланғанын айтты

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысын шығарды.

Елбасы отырыста алдымен әскери мәселелер талқыға салынғанын жеткізді

«Бірінші, әскери салаға тоқталайын. Жоспарлы түрде біз біріккен ҰҚШҰ штабын ақпараттандыруды аяқтадық. ҰҚШҰ кризистік әрекет ету орталығын құру аяқталуға жақын. Ол қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайларды шешуге бағытталған», - деді президент.

Осы орайда Назарбаев биыл Қырғызстан аумағында бірлескен шұғыл әрекет ету құрылымдары (ҰҚШҰ) мен ҰҚШҰ бітімгерлік батальонының қатысуымен «Жауынгерлік бауырластық-2018» әскери жаттығуы ұйымдастырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ға мүше елдер әскери қорғаныс саласында бірігіп жұмыс істейтінін жеткізді.

«Екіншіден, Алматыда өткен ҰҚШҰ-ның әскери-техникалық ынтымақтастық туралы мемлекетаралық комиссия отырысында қарулану мен әскери техниканы стандарттау бойынша үйлестіру кеңесі құрылды. Аталған кеңестің төрағасы қызметіне Ресейдің үкімет басшысының орынбасары Юрий Борисов тағайындалды. Осы орайда біз елдеріміздегі қорғаныс кәсіпорындарындағы өндірістік кооперациялар жұмыстарын жандандырады деген үміттемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы жиында Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргені үшін ҰҚШҰ мүшелеріне алғыс айтты.

«Үшіншіден, БҰҰ Бас Ассамблеясының 73 сессиясында Қазақстанның бастамасы болып саналатын, террироризмнен азат, әлемдегі бейбітшілікті сақтауды көздейтін әмбебап кодекс қабылданды. Қазіргі таңда аталған кодекске 70-тен астам ел қосылды. Бастамамызға қолдау білдірген ҰҚШҰ мүшелеріне алғысымды білдіремін», - деді ол.

Осы орайда президет отырыста киберқауіпсіздік пен заңсыз есірткі айналымы мәселесіне баса мән берілгенін жеткізді.

«Төртіншіден, киберқауіпке қарсы бірігіп әрекет ету жұмыстары жалғасады. Биыл Астанада компьютерлік жанжалдарға байланысты туындаған мәселелерде тиімділікті арттыру үшін өзара әрекеттестік регламенті қабылданды. Бесіншіден, ҰҚШҰ заңсыз есірткі айналымын да назардан тыс қалдырған жоқ. Осы уақытқа дейін «Канал» атты екі операция ұйымдастырылды. Оның ішінде Қазақстанның оңтүстігінде «Канал» және «Қызыл бархан» атты халықаралық есірткіге қарсы операция да бар», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, аталған операцияларды Иран, Қытай, ЕҚЫҰ, Қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл бойынша Еуразиялық топ, БҰҰ Есірткі бойынша басқармасы, Интерпол, Орталықазиялық жергілікті ақпараттық координациялық орталық және т.б. ұйымдар бақылаған.

Сөз соңында Назарбаев ҰҚШҰ сессиясында бекітілген күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тараптар өзара түсіністікке келгенін атап өтті.

ҰҚШҰ құрамына Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, және Тәжікстан кіреді.

Осыған дейін Астанада ҰҚШҰ саммиті басталғанын, жиынды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқанын хабарлағанбыз.

Айта кетейік, ертең, 9-қарашада Петропавлда Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XV форумы өтеді. Іс-шараға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер