BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Шетелдік елшілер Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Ақордада Испания, Словакия, Қытай, Израиль және Еуропалық одақ елшілері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен Елбасы шетелдік елшілердің жұмысына сәттілік тіледі.

«Баршаңызды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың ресми түрде басталуымен құттықтаймын. Сіздердің қызметтеріңіз еліміздің дамуының ең маңызды кезімен тұспа-тұс келіп отыр», - деді президент.

Осы орайда Назарбаев негізгі стратегиялық бағыт Қазақстанды әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосу екенін атап өтті.

«Осыған орай қажетті бағдарламаларды қабылдап, кешенді реформаларды жүзеге асырып келеміз. Былтыр Қазақстан экономикасының өсімі 4%-ке жетіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асты. Тәуелсіздік жылдары елімізде шетелден тартылған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 300 млрд долларға жетті. Дүниежүзілік банктің бизнес рейтингі бойынша Қазақстан 190 елдің арасында 36 орынға ие болды», - деді ол.

Елбасы биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істей бастағанын айтты.

«Биыл біз заманауи технологиялық инфрақұрылымы бар әрі үздік тәжірибеге негізделген жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын табысты орындау үшін 2022 жылға дейін 400 миллион долларға жуық қаражат жұмсау жоспарланып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, ол еліміздің ұлттық болмысын жаңғырту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.

«Ұлттық болмысымызды 21 ғасырға сай жаңғырту мақсатымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылуда. Жалпы саяси-экономикалық, рухани жаңғыру еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта елді ынталандыру үшін мен жақында халыққа өз Жолдауымды жарияладым. Халықтың хал-жағдайын түзеудің тағы бір белесіне көшетін боламыз», - деді президент.

Салтанатты рәсім барысында Елбасы әлемдегі ахуалдың күрделене түскенін мәлім етті.

«Халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырғанын білесіздер. Бүгінгі заманауи әлемнің қауіпті әрі құбылмалы жағдайға тап болғаны өкінішті. Жақында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының кезекті сессиясында кейбір елдер арасында сенім дағдарысының одан ары өрши түскені анық байқалды. Өзара сенім орнықпаса дағдарысқа қарсы кез-келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайтынын мен әрдайым айтып келемін. Қазақстан осы процеске бей-жай қарап отырған жоқ. Біз сыртқы саяси стратегиямызда көпвекторлы бағытты, теңгерімді әрі белсенді ұстанымды басшылыққа алып отырмыз», - деді ол.

Сонымен қатар президент Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдегі қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосып отырғанын жеткізді.

«Осы айдың өзінде БҰҰ аясында елордамызда екі ірі шара өтеді. Біріншісі, шекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның сессиясы. Екіншісі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНЕСЕФ-тің алғашқы медициналық санитарлық көмек жөніндегі жаһандық конференциясы. Ал Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 6-шы съезі сіздердің елдеріңізден де делегациялар қатысады деп күтеміз», - деді Назарбаев.

Салтанатты рәсім барысында Елбасы Қазақстан мен Қытай арасында сенімді байланыс орнағанын ерекше атап өтті.

«Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Дипломатиялық байланыс орнатылған сәттен бері біз тату көрші және өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық қарым-қатынастардың үлгілі моделін құрдық. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мырзаменен жиі өтіп тұратын тұрақты кездесулеріміз соның айқын белгісі. Биылғы маусымда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарым және соның барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі-жақты қарым-қатынастардың деңгейі жоғары екенін көрсетеді», - деді ол.

Елбасының айтуынша, қос елдің үкіметтері өзара келісімдерді жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатыр екен.

Жиында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас сындарлы диалогқа, өзара сенім мен құрметке негізделгенін алға тартты.

«Биыл Еуропа Одағымен дипломатиялық қатынас орнатқанымызға 25 жыл толды. Ендігі басты міндетіміз 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтамақтастық туралы келісімді қолданысқа енгізу. Сондай-ақ Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзірлеуге күш жұмылдыру. Бұған қоса Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы визалық рәсімді жеңілдету мәселесі лайықты шешім табады деп сенеміз», - деді ол.

Сонымен қатар Назарбаев Испания еліміздің басты стратегиялық әріптесі екенін ашық айтты.

«2017 жылы маусым айында Ұлы мәртебелі Испания королі VI Фелипенің Астанаға алғашқы ресми сапарымен келгені және оның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қатынасқаны есімізде.Бұрыннан келе жатқан сенімді әріптестікті жалғастырғаны үшін ризашылығымды король мырзаға білдіремін», - деді Президент.

Рәсім барысында Мемлекет басшысы бүгінгі таңда Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыстар достық пен өзара түсіністік рухында қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді

«2016 жылы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мырзаның Астанаға ресми сапары және соның барысында өткен бизнес форум өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейтуге тың серпін берді. Біз Израильмен түрлі салаларда ынтымақтастықты нығайтуға мүделіміз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, инновациялық технология, денсаудық сақтау салалары», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Словакия арасындағы байланыс халықаралық ұйымдар аясында нығая түскенін мәлімдеді.

«Сауда экономикалық байланыстардың артуына экономиканың, ғылыми техниканың ынтымақтастығы жөніндегі үкімет аралық комиссияның белсенді қызметі де септігін тигізіп отыр. Алдағы уақытта бізде екі жақты тауар айналымын ұлғайту, экномикалық өзара әрекеттестіктің жаңа бағытын айқындау қажет болады», - деп түйіндеді сөзін президент.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер