BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 359 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.1 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.41
Астана:

Назарбаевқа Оралды дамыту жоспары таныстырылды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары әлі жалғасуда. Оның аясында Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы да бірқатар нысандар таныстырылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, Нұрсұлтан Назарбаев қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Қазақстан Президентіне кәсіпорынның қазіргі даму барысы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру перспективалары жөнінде айтылды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

Бұдан басқа, Қазақстан Президенті қаладағы орталық алаңды аралап көргеннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімет ұсынылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндалды.

Елбасы, сондай-ақ, өңір жұртшылығымен кездесті. Онда тұрғындар Мемлекет басшысына қабылданған «Бес әлеуметтік бастама» үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Президенті елімізде жүеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың, мейлінше өзекті проблемаларын шешуге бағытталғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Әңгімелесу барысында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, Елбасы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Жастар және оқушылар сарайына барды. Онда Қазақстан Президентіне денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы цифрландыру жөніндегі жобалар таныстырылды.

Қазақстан Президенті облыстың белсенді жастарының өкілдерімен кездесіп, жастар мен жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы жөнінде әңгімелесті.

Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқан жағдайында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеп өсірудің маңызды екенін атап өтті.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуға тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүретіндеріңізге сенемін», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер