BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 364.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясын ашты

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясын ашты. Елордада өтіп жатқан жиынға ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшылары қатысып отыр.

Сессияға Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, ал Армения тарапынан сол елдің премьер-министрі Никол Пашинян қатысуда.

Қазір ҰҚШҰ-ға Қазақстан, ал Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етіп отыр.

«ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясын ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер. Бүгін біз ҰҚШҰ аясында жасалып жатқан көптеген жұмыс бойынша хатшылық ақпаратын тыңдаймыз. 2018 жылғы Қазақстанның төрағалығы талқыланады. Елдеріміздің ұжымдық қауіпсіздігінің өзекті мәселелері сөз болады. Қазіргі халықаралық ахуал жайында, өзара әрекетестіктің маңызды мәселелері жайлы пікір алмасамыз», - деді Назарбаев.

Елбасы сессияның күн тәртібімен таныстырды. Жабық форматта өтетін отырыста ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков баяндамасы пікір алмасумен жалғаспақ. Осылайша, бүгін мемлекет басшылары бірқатар мәселені шағын құрамда 1-1,5 сағат талқылайды. Ал күн тәртібіндегі қалған пунктерді кеңейтілген пленарлық отырыста қарастырады. Оған сыртқы істер министрлері, қорғаныс министрлері, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары мен БАҚ қатысады.

«Пленарлық отырыста екі мәселе қаралып, күн тәртібінде қарастырылған құжаттарға қол қойылады. Атап айтсақ, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімі мен 4 халықаралық келісімшарт бекітіледі. Отырыс аяқталғаннан кейін БАҚ алдына шығамыз. Егер қарсы болмасаңыздар, журналистермен кездесуге мен барамын және ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков шығады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері халықаралық және өңірлік қауіпсіздік проблемаларын, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Ұйым форматындағы және халықаралық аренадағы өзара әрекеттестігін талқылайды. Ресми жиында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Декларациясын қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдары ҰҚШҰ-ға Қырғызстан төрағалық ететіндіктен сол елдің президенті Сооронбай Жээнбеков сөз сөйлейді деп көзделуде.

Ал ертең Нұрсұлтан Назарбаев пен шетелдік делегаттар Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысу үшін Петропавл қаласына барады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер