BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Назарбаев: Ресей, АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекелестікті басқару деңгейі төмендеп келеді

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан «Астана клубының» төртінші отырысына қатысты.

«Біздің ортақ міндетіміз – әлемдік экономика мен геосаясатта ушығып бара жатқан жағдайдан шығу жолын іздеу. Бұл үшін қазіргі дүниежүзілік ахуалдың маңызды мәселелері мен тәуекелдеріне тоқталғым келеді. Меніңше, біріншіден, ірі державалар арасында ушығып бара жатқан қарама-қайшылықтар тұрақсыздықты күшейтеді, оқиғаларды болжау мүмкіндігін төмендетеді. Бұндай конфронтацияны біздің көрмегенімізге көп болды. Постбипиолярлық әлемдік тәртіп тарихта ғана қалды. Біздің көз алдымызда үлкен Еуразия контурлары қалыптасуда. Бұл процеске ғаламдық ойыншылар арасында өзгеріп жатқан ахуал да, ғаламдық державалар арасында өсіп жатқан бәсекелестік те әсер етіп отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, Ресей, АҚШ пен Қытай Халық Республикасы арасындағы геосаяси бәсекелестіктің ушығуы ғаламдық контексте ғана емес, үлкен Еуразия периметрінде де орын алып отыр.

«Бұл стартегиялық үштікте күрделі жағдайлар әрдайым болған. Бұған тарих куә. Дегенмен, соңғы жылдары оларды басқару деңгейі төмендеп келеді. Енді ауқымды дағдарыстар орын алуы мүмкін. Кейбір оқиғалардың ірі қақтығыстарға ушығып кету мүмкіндігі бірнеше есе артып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атап өтсек, «Астана Клубы» төртінші отырысына қатысушылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір таластыруда. 12-13 қарашада Назарбаев орталығында Astana Club IV-отырысы өтіп жатқанын еске саламыз.

«Астана клубы» әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың басын қосып, саяси форум үлгісінде өтетін беделді халықаралық алаң саналады.

Қатысушылардың басты назары дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңінде Еуразияға төніп тұрған қауіптерге арналып отыр. Отырыстың басты тақырыбы – «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?»

Бұған дейін қазақстандық сарапшы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әскери-саяси шиеленіске әкелуі мүмкін деген пікір білдірген болатын.

Фотолар: Бауыржан Жуасбаев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер