BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 431.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.45
Астана:

Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін – Назарбаев

Елбасы Астана қаласының активімен кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу алдында қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Онда депутаттар Астана қаласының жаңа әкімі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Исекешевті Президент Әкімшілігінің Басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жаңа жауапты қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ә.Исекешевтің кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттерін атап өтіп, оның елорданы дамыту жолында атқарған жұмысының нәтижелеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті Астана қаласының бұрынғы әкімі Ә.Исекешевтің сіңірген еңбегі жөнінде айтып, қаланың жаңа басшылығының алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

– Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін. Қаланы дамыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлтановтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі тиісті ұйымдастырушылық қабілеті бар, – деді Елбасы.

Жиын барысында Қазақстан Президенті Астананың жаңа басшылығы алдында тұрған бірқатар басымдыққа ие міндеттерді атап өтті.

– Дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдар санының көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қаланың инфрақұрылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырды.

Елбасы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдары жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелерін Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде ерекше атап өтті.

Соңында Ә.Исекешев пен Б.Сұлтанов сенім білдіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, бас қаламыз бен бүкіл елімізді дамыту ісіне өздерінің зор үлестерін қосатынын жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер