BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Мемлекеттік хатшы Түрікменстан елшісімен кездесті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Тойлы Көмековпен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Г.Әбдіқалықова еліміздің ішкі саясатындағы маңызды бағыттарға назар аударды. Бүгінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы жаңғыртуды көздеген жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы іске асырылып жатыр. Мақсатымыз – жаңа әлемнің көшбасшы елдерінің қатарына қосылу. Әлеуметтік жауапты мемлекет құруға бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жобасы орындалуда.

Гүлшара Әбдіқалықова кең ауқымды бағыттар бойынша жоғары деңгейдегі өзара сенімге негізделген сындарлы саяси диалогтың арқасында екіжақты қарым-қатынас нығайып, ынтымақтастық стратегиялық мәртебеге ие болғанын айтты.

– Түрікменстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы тек тату көрші мен сенімді серіктес қана емес, бауырлас мемлекет. Біздің елдерді ортақ мәдениет, шынайы достық пен өзара іс-қимыл байланыстырады, – деді Мемлекеттік хатшы.

Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан түрлі көпжақты басқосулар (БҰҰ, ТМД, ИЫҰ және т.б.) аясында ынтымақтасып келеді. Парламентаралық және ведомствоаралық байланыстар нығаюда. Өңіраралық байланыстардың өрісі кеңеюде. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысы жолға қойылған.

– Халықаралық Аралды құтқару қоры өңірлік өзара іс-қимылдың маңызды алаңы болып қала береді, – деді Мемлекеттік хатшы.

Қазақстан мен Түрікменстанда әлемдік, сондай-ақ өңірлік державалар игеруге және жеткізуге мүдделі болып отырған көмірсутек ресурстарының елеулі қоры бар. Екі елдің көлік-транзит әлеуеті де орасан зор. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 99,3 миллион доллар болды.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Т.Б.Көмековке өзара қарым-қатынасты тату көршілік пен стратегиялық серіктестік рухында одан әрі ілгерілету жолында мол табыс тіледі.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер