BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 342.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 400.85 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.51
Астана:

Мемлекет басшысы: Осы уақытқа дейін біз туризмге көңіл бөлмей келдік

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта мемлекет туризмді дамытуға баса мән беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен Елбасыға туризм саласында қандай жұмыстар жасалып жатқаны жөнінде премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мәмин, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді.

Президент олардың есебін тыңдап болған соң, осы бағыттағы жұмыстарды жүргізе беру қажеттігін атап өтті.

«Осы салада жұмыс істейтін жағдайға жеттік. Сондықтан менің тапсырмам бойынша мемлекет тарапынан 2023 жылға дейін (туризмді дамыту бойынша автор) бесжылдық бағдарлама қабылданды. Мен оның орындалу жолдарын қазір тыңдадым. Үкімет пен министрлік өкілі, облыстың әкімі не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты біз бітіруіміз керек», - деді Елбасы.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін елімізде туризм саласына тиісті дәрежеде көңіл бөлінбегенін атап өтті.

«Біз осы уақытқа дейін туризмге тиісті дәрежеде көңіл бөлмей келдік. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Осыған дейін экономикалық жағдай оған мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан біз осы мәселені шешуге кірістік. Мүмкіндігі бар қазақстандықтар әлемдегі барлық курорттарға барып бітті. Олар сол жақтағы теңіздерге түсті, суларына шомылды, барлығын көрді. Мен де осылардың ішінде болдым», - деді ол.

Осы орайда президент енді отандық туризмді дамытуға баса назар аударылатынын айтты.

«Ендігі мақсат – елдің ішінде жағдай жасау, балаларымызға Қазақстанның әдемі екенін көрсету. Сондықтан бүгінде мемлекет осы салаға бөліп отыр. Екіншіден, бұл экономикалық жағынан өте тиімді сала болып саналады. Менің ойымша, осы салаға инвестиция тартып, жағдай жасау керек. Сондықтан мен Бурабайға келіп отырмын», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы Бурабай демалыс аймағында қандай жұмыстар жасалу қажеттігіне тоқталды.

«Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылымын жұмыстарын бітіру. Себебі, біз сыртқы жұмыстарды аяқтадық. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргіздік. Астанадан Бурабайға авто және теміржол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Енді іштегі инфрақұрылымды қолға алу керек. Егер біз барлық объекьтілерге су тартып, электр жүйелері мен кәріс жүйесін әкелетін болсақ, мемлекет туризмді дамытады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады», - деді ол.

Президенттің айтуынша, өңірде бесжұлдызды Rixos қонақ үйін салынуы, өңірге инвестиция таруға және туристерді көптеп әкелуге мүмкіндік берген.

Сөз соңында Назарбаев демалыс аймағындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін де тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін мәлім етті.

«Қонақ үйді саламыз. Бірақ сонда жұмыс істейтін кім? Сервис мәселесі әруақытта ең негізгі болып саналады. Біз жастарды оқытып, оларға мамандық беруіміз керек. Осы жағында ойлауымыз қажет. Сондықтан Бурабай демалыс аймағы арқылы ақша табуға болады», - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер