BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 328.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 386.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.27
Астана:

Елбасы "Парыз" және "Алтын сапа" иегерлерін марапаттады

Фото: Нұржас Жақсыбай

Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.

– Бүкіл еліміз бойынша бір мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылуда, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және авмобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, қазақстандық автозауыттарда электромобильдер құрастырудың басталғанын айрықша атап өтті.

– Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе атқаратын тағы бір жобаның іске асырылуы басталды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болып, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қазақстандық тауарларды экспорттық нарықтарда ілгерілету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.

Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды.

«Үздік индустриялық жоба» – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуев.

«Үздік инновациялық жоба» – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябинин.

«Сапа көшбасшысы» – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есенов.

«Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиев.

«Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді.

Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер