BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.95 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.63
Астана:

Астана тұрғыны 60 мың маржанмен Ақорданың макетін жасады Эксклюзив

Фото: baq.kz

Астаналық сәулетші Аслан Оспанов Ақорданың макетін жасауға 1 жылдан астам уақытын сарп еткен. Күріштен де ұсақ 60 мыңнан аса тасты өз қолымен жабыстырып шығыпты. Енді жұмысын Тұңғыш президент күніне орай Елбасыға тарту етпек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аслан Оспанов Ақорданың макетін әзірлеу үшін жұмысынан шығып, арнайы 1 жыл уақытын бөлген.

«Астанада жоғары оқу орнында сәулетші дизайнер мамандығын тәмамдадым. Осыған дейін сыртқы жарнамада жұмыс істедім. Бірақ соңғы бес айда уақытымды тек осы макетті әзірлеуге жұмсадым. Ал, жалпы 1 жылдан аса уақыт кетті», - деді Аслан Оспанов.

Макетті жасауға күріштен де ұсақ 60 мыңнан аса әшекей тас қолданылған.

«Ақорданың макеті әшекей тастармен көмкерілген. 60 мыңнан аса тас жұмсалды. Тастарды Астанадан, сондай-ақ Алматыдан арнайы алғыздым. Көп адамның төзімі жете бермейтін, өте қиын жұмыс. Өйткені, тас күріштен де ұсақ. Майда тастардың барлығын өз қолыммен, ешқандай станоксыз жасадым. Терезелерінің өлшемін стандартқа сай қылып, Ақорданың қасына барып, көпірдің үстінен жан-жақты қарап, өз өлшемімен бірдей етіп әзірледім. Сондай-ақ, каматекс деген материалды және арнайы желім қолдандым. Ақорданың күндізгі және түнгі келбетін істедім. Түнде жарығы жанады, қосқан кезде ішінде әнұран ойнайды», - деді сәулетші.

Аслан Оспановтың мақсаты – Ақорданың макетін Тұңғыш президент күнінде Мемлекет басшысының қолына табыс ету. Өзі де дәл осы күні дүниеге келген.

«Басты арманым – ертең Тұңғыш президент күнінде Елбасының өзіне сыйға тарту. О бастағы мақсатым да осы болды. Ертең өзімнің де туған күнім», - деді дизайнер.

Аслан Оспанов макетті жасау кезіндегі қиындықтарды да айтып берді.

«Күмбезін жасау ұзақ уақыт алды. Содан соң алдындағы саты баспалдақтарын әзірлеу қиын болды. Әрқайсысын ысытып, ию, оны бір-бірден жабыстыру оңай болған жоқ. Бірақ барлығы – Елбасыға деген махаббат пен патриоттықтан туған дүние», - деді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер