USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Әке мен анаға жасаған жақсылық та, жамандық та өз балаларыңның алдынан шығады – Елбасы

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы Нұрлан Қоянбаевтың «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болып, «бақыт» ұғымы төңірегінде ой қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы жастарға ақыл-кеңестерін бере келе, ата-анаға құрмет жайында айтты.

«Біз үлкендерді сыйлап өскен қазақпыз. Қарияларды қазынамыз деп білген, ананы сүйген, құрметтеген адамбыз. Ананың ақ сүтінен артық еш нәрсе жоқ. Менің бармайтын жерім жоқ қой, барлығын аралап жүремін. Бұрын менің жастау кезімде Қарттар үйінде қазақтың қариялары болмаушы еді. Қазір барсаң, қазақтың да қариялары да сол жерде. Жандарына отырып: «Балаларыңыз бар ма?», деп әңгімелесіп, сұрағанымда: «Қайтесің соны, сұрамай-ақ қой!», - дейді. Барлығы түсінікті болады. Әрине, сол кезде ішің ашиды. Әке мен анаға жасаған жақсылық та, жамандық та өз балаларыңның алдынан шығады. Әр уақытта ойланыңдар. Оларға бір нәрсені бөліп берудің керегі жоқ. Жалақыларыңның жартысын апарып берудің де қажеті жоқ. Бес минут жанында отырып, «папа, мама» десең - сол керек. Оларға басқасы керек емес. Сендерге бір айтарым осы еді», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бақыт туралы сөз қозғап, қазақстандықтарға батасын берді. Нұрсұлтан Назарбаев жақында Гарвард университеті «Бақыт деген не?» деген сұраққа сауалнама өткізгенін, мың адамнан жауап алынғаннан кейін, бақыт төрт нәрседен тұратындығы анықталғанын айтты.

«Ең бірінші бақыт - ол бауырыңа басатын балаң. Әйелдің шашы жібектей болатыны, оның шашынан күніне бір рет сипап өтсең - солай болады. Екіншіден, бойың сұңғақ әрі әдемі болуыңның себебі - тамағыңның жартысын ашқа берсең. Сондай-ақ, балаңды жақсы көру, үйіңдегі жұбайыңменен түсінісіп өмір сүру, жолдастарыңмен қатынасың, көңіліңді көтеру деген сияқты қарапайым нәрселер адамның бақытына әкеледі. Оны өздерің білесіңдер. Сондықтан, бақтарың бастарыңнан таймасын», - деп тіледі Қазақстан Президенті.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады