USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

«Жол картасы» аясында жұмыспен қамтылғандар саны 6,3%-ға өсті

Фото: Forbes.kz

«Жол картасы» аясында бес жылда жұмыспен қамтылғандар саны 6,3 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Сенатта өтіп жатқан «Жұмыспен қамту картасын құқықтық қамтамасыз ету шаралары туралы» дөңгелек үстелде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өздеріңізге белгілі, 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезінде Елбасының тапсырмасына сәйкес «Жол картасы» бағдарламасы іске асырылған болатын. Оның негізгі мақсаты қиын кезеңде еңбек нарығындағы жағдайды ушықтырмай сақтап қалу болды. Бұл жылдары елімізде 9000-ға жуық инфрақұрылымдық жоба қаралып, олардың аясында 377 мың уақытша жұмыс орны ашылды. 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» осы үлкен сынақтан өткен бағдарламаның жалғасы деп айтсақ болады. Бүгінде бұл бағдарлама екі мәселені шешуге бағытталған. Біреуі – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған xалықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту. Екіншісі – экономикалық аxуал кезінде жұмыссыздық деңгейін арттырмауға қарсы шаралар", - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, бағдарлама жүзеге асырылған бес жылдың ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 6,3 пайызға өсті.

«Өткен бес жылдың ішінде бағдарлама аясында жүзеге асырылған шаралар еңбек нарығындағы сандық әрі сапалық мәндегі негізгі көрсеткішке оң әсер етті деп айтуға болады. 2010-2015 жылдары жұмыспен қамтылғандардың саны 6,3 пайызға өсті. Бұл бағдарламаны қаржыландыруға биыл бюджеттен 128 млрд теңге бөлінген. Жұмысқа орналастыру шаралары арқылы 739 мың адам қамтылды. Микрокредит алушылар саны 40,1 мың адамға дейін өсті. Биыл бағдарламаға қатысушылар құрамына 116 мың адам еніп отыр. Оның ішінде 66,4 %-ы – жұмыссыздар, 32,4 %-ы – өз бетінше жұмыспен қамтылғандар және 1,2 %-ы – жартылай жұмыспен қамтылғандар», - дейді Тамара Дүйсенова.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады