BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Шымкент қаласынан Сенат депутаттарын сайлау күні белгілі болды

2018 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау болады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

2018 жылғы 10 тамызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 5 қазанға «Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 9 тамыздағы № 731 Жарлығын іске асыру жөніндегі міндеттерге арналған отырысы болды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Б. Имашев отырысты аша отырып, кезектен тыс сайлауды тағайындау үшін Президенттің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығымен жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің - Парламент Сенатында өкілдігі жоқ, республикалық маңызы бар Шымкент қаласының құрылуы негіз болғанын атап көрсетті.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында екі мәселе қаралды:

- Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;

- Шымкент қаласынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттары нысандарын бекіту туралы.

Парламент Сенатының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар туралы баяндай отырып, сайлау процесін ұйымдастыру және ОСК мүшелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің м.а. О. Захарова сайлау науқанының: ұсыну, тіркеу, сайлау алдындағы үгітті жүргізу сияқты негізгі кезеңдеріне тоқталып өтті.

Кандидаттарды ұсыну 4 қыркүйекке дейін созылады, ол Шымкент қаласы мәслихатының сессиясында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырыла алады.

Парламент Сенатының депутаты жасы 30-дан асқан, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл және өзі өкілі болып табылатын өңірде кемінде үш жыл тұрақты тұратын, сондай-ақ өтелмеген немесе алып тасталмаған соттылығы жоқ және сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңнамада белгіленген тәртіппен танымаған Қазақстан азаматы бола алады.

Кандидаттарды тіркеу 14 қыркүйекте аяқталады. Парламент Сенатының депутаттығына кандидат болып тіркелу үшін үміткерлер таңдаушылардың – Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының көпшілік санының қолдауына ие болуы қажет.

Сайлау алдындағы үгіт 2018 жылғы 15 қыркүйекте басталып, 4 қазанда 00 сағатта аяқталады. Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға сайлау алдындағы үгітті жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінетін болады.

Сайлау Парламент Сенаты депутаттарының екі мандаты бойынша бір уақытта өткізіледі. Осыған орай, алдағы сайлау науқанына әзірленген сайлау құжаттарының нысандары: сайлау бюллетенінің, дауыстарды санау нәтижелері туралы сайлау комиссиясы хаттамасының және Сенат депутаттарын сайлауда дауыстарды санау нәтижелері туралы хабардың нысандары бекітілді.

Шымкент қаласынан сайланатын Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімі 2014 және 2017 жылдары республиканың басқа өңірлерінен сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзіміне сәйкес келетін болады.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Шымкент қаласынан Парламент Сенатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жалпы басшылықты жүзеге асырады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қазан 2018, 21:35
"Өзгеретін уақыт болды"
Пікірлер