BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.55 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.76 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Сенатта кибер қауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелері қараланды

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен «Қазақстанның кибер қалқаны» кибер қауіпсіздігі тұжырымдамасын іске асыру мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесу өтті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуді ашқан Д.Назарбаева ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы, жаһандық цифрлау үрдістері тиісті инфрақұрылымдарды қорғау жөніндегі шаралар қабылдауды талап ететінін атап өтті. Тиісті инфрақұрылымдарды қорғау жөніндегі қабылданған шаралардың негізгі мақсаты қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатыны атап өтілді.

«Бүкіл әлемде кибер шабуылдар қаупі өсіп келеді. Кибер қауіптердің қатері технологияға байланысты барлық салаларда күшейіп барады. Қазіргі заманда кез келген мемлекет үшін кибер қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдыққа ие ең маңызды міндет болып табылады», - деді Д.Назарбаева.

Кездесудің мақсаты туралы айта келіп, сенатор бұл шара барысында 2017 жылы бекітілген Қазақстанның «Кибер қалқан» кибер қауіпсіздік тұжырымдамасын іске асырудың алғашқы қорытындылары шығарылатынын атап өтті. Д.Назарбаеваның айтуынша, қазіргі жағдай бірқатар сауалдарға жауап беруді талап етеді. Олар: Тұжырымдаманы заңнамалық, техникалық және ұйымдастырушылық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Жүйенің кибер қауіпсіздікке қарсы орнықтылығы қаншалықты нығайды? «Кибер қалқанды» құрудың осы кезеңінде мемлекеттік органдар қандай проблемалармен бетпе-бет келіп отыр? Кибер қатерлерге душар болатын әрі ең әлсіз қай салалар? Алда қандай жұмыстарды қол алу керек? Жалпы алғанда, жаңа қауіп-қатерлердің алдында киберқауіпсіздік стратегиясы пысықтауды талап етіп отыр ма?

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Тимур Шәймергенов «Қазақстанның кибер қалқаны» тұжырымдамасын іске асыру аясында қабылданған құқықтық-ұйымдастыру және техникалық-ұйымдастыру шаралары туралы сенаторларды хабардар етті. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және ақпараттық-коммуникация инфрақұрылымының маңызды нысандарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық база құрылғанын жеткізді. Ақпарат қауіпсіздігі оқиғалары бойынша әрекет ету жөніндегі Дағдарысқа қарсы ұлттық жоспар бекітілді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында және «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығы бойынша оқыту туралы деректер айтылды.

Отырыста ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Сергей Журавлев, ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Динара Щеглова сөз сөйледі. Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Төлеубек Мұқашев, Серік Жақсыбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұржан Нұрсипатов талқылауға қатысты.

Д. Назарбаева талқылауды қорытындылай келіп, уәкілетті органдарды ақпарат қауіпсіздігі мен тұтастай ІТ саласындағы өзекті мәселелерді шешуге, дерекқорлар жасауға, отандық бағдарламалық өнімдер әзірлеушілерді қолдауға, тиісті мемлекеттік органдардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылауға байланысты жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Сенат комитетінің төрағасы кездесу барысында қойылған сауалдар мен айтылған ұсыныстар мүдделі министрліктер мен мекемелерге жіберілетін ұсыныстарда көрсетілетінін атап өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер