BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

Сенат сақтандыру бойынша өзгерістер туралы заң жобасын кері қайтарды

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Заң жобасына сақтандыру бойынша түзетулер бес негізгі бағыттан тұрады: бірінші – онлайн сақтандыруды енгізу; екінші – шетелге шығатын тұлғаларды сақтандырудың тәсілдерін өзгерту; үшінші – жүктелген сақтандыруды енгізу; төртінші – сақтандыру омбудсманының функцияларын кеңейту арқылы сотқа дейінгі реттеу механизмін жетілдіру; бесінші – өмірді сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлері бойынша қосымша кепілдіктерді кеңейту.

Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев Қазақстанда қаржылық қызметтердің өңірлерде, бірінші кезекте, облыс орталықтарынан тыс және ауылдарда қолжетімділігі туралы мәселенің өзекті екендігін еске салды.

«Өзгерістердің мақсаты қашықтан сақтандыру қызметтерін алу кезінде біздің азаматтарымыз үшін қолайлы жағдай жасау. Халық және кәсіпорындар сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы кеңселерге бармай-ақ немесе агенттің араласуынсыз келісімдер жасай алады. Сақтандыру дерекқорындағы біздің азаматтар туралы барлық ақпаратты барынша қорғау қамтамасыз етіледі», - деді ол Сенат отырысында.

Заң жобасының екінші бағыты – туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығушы туристің өзін сақтандыруға өту.

«Қазіргі кезде туроператордың жауапкершілігін сақтандыру кезінде сақтандыру тек туроператордың кінәсі дәлелденген кезде ғана жұмыс істейді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Турист әдетте денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты өз мәселесімен жалғыз қалады. Заң жобасы шетелге шығушы туристерді сақтандыру тәртібін өзгертуді қарастырады. Туроператор жолдаманы сатқан кезде туристке сақтандыру куәлігін беруге міндетті. Сақтандыру куәлігінде шетелде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін халықаралық компаниялардың телефондары көрсетілетін болады. Туроператор үшін сақтандыру құны қымбат болмайды. Күніне 320 теңге сомасында және 3-тен 16 млн теңгеге дейінгі шағымдар сақтандырылатын болады», -деді Ұлттық Банк төрағасы.

Сондай-ақ, белгілі бір мамандықтар бойынша міндетті болып табылатын жүктелген сақтандыруды енгізу көзделгенін атап өтті.

«Тікелей заңмен емес сақтандыру компаниясы мен оның клиенті арасындағы шартпен анықталады. Жүктелген сақтандыруды енгізу сақтандыру компаниясы мен оның клиентіне икемді сақтандыру шарттарын қарастыруға мүмкіндік береді. Төртінші бағыт бойынша дауларды сотқа дейінгі реттеу институтын дамыту үшін сақтандыру омбудсманының қызметін кеңейту көзделген», - деп баяндады Ақышев.

Заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып, екінші оқылымға дайындау барысында оған келесідей өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындады.

Бірінші, ұлттық қауіпсіздік органдарына көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарына қатысты сақтандыру құпиясын құрайтын мәліметтерді прокурордың санкциясынсыз алуға рұқсат беру; екінші, актуарийлер бірлестігінің, сақтандыру ұйымдарының, сақтандыру омбудсманының құқықтық жағдайын, қызметін реттеуді және оларға қойылатын талаптарды нақтылау;

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қызметіне қатысты жекелеген нормаларды нақтылау; тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерізімінен бұрын тоқтататын кездегі сақтандыру сыйақысының бір бөлігін сақтандырушының ұстап қалуын регламенттейтін нормаларды дұрыс жазу; акционерлік қоғамдардың есептерді ұсыну мерзімдерін нақтылау; заң жоабсыныңі мәтінін қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ енгізілгн өзгерістерге сәйкес келтіру.

Барлық ескертулер мен ұсыныстар салыстырма кестеге жинақталған. ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларды ҚР Конституциясы 61-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісіне жіберді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер