BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 325.79 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 402.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Нығматулин Марокко корольдігінің елшісін қабылдады

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Марокко корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абделжалил Саубриді қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады.

Мәжіліс төрағасы Марокко Қазақстанның Солтүстік Африкадағы маңызды әріптесі екенін айтты.

Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз арасындағы байланыс сындарлы дамып келеді.

Мәжіліс спикерінің пікірінше, БҰҰ, ИЫҰ, Африка Одағы ұйымдары деңгейінде халықаралық өзекті мәселелер бойынша біздің елдеріміздің ұстанымы өте жақын. Осы ретте Н. Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қақтығыстарды реттеуде елдер арасындағы өзара сенім мен сындарлы үнқатысуға баса назар аударатындығының маңыздылығына тоқталды.

Одан әрі кездесу иелері сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық әріптестік жайын талқылады.

Нығматулиннің айтуынша біздің елдеріміз арасында көлік-логистика саласын пайдаланудың әлеуеті зор. Сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында өзара іс-қимылды тереңдетудің мүмкіндігі мол.

Сонымен бірге, машина жасау, ауылшаруашылығы, «жасыл энергетика» салаларында ынтымақтастықты күшейту басым бағыттардың бірі болып табылады.

Өз кезегінде Абделжалил Саубри біздің елдеріміз арасындағы саяси әрі дипломатиялық қатынастың өте жоғары деңгейде екенін және Марокко өзара ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ынталы екенін жеткізді.

Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тараптар парламентаралық байланыс жайын сөз еткенде ынтымақтастық жөніндегі топ, сондай-ақ, бейінді комитеттер төңірегінде әріптестік Қазақстан мен Марокко арасындағы өзара іс-қимылды жан-жақты дамытуға зор ықпал ететінін айтты.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер