BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 363.26 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Нығматулин кинотеатрлардың жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты

Фото: интернеттен

Бүгін Парламентте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин отандық кинотеатрлардың жұмысын бақылауға алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Кинематография туралы» заң жобасын таныстырды.

“Бұл кинематографияның дербес тынысын ашатын мәдениет саласындағы алғашқы заң. Заңның қабылдануы Қазақстан кинематография тарихындағы маңызды оқиға болады деп сенемін. Бұл - өте күрделі заң. Ол қолданыстағы механизмдерді өзгертіп, ұлттық киноны дамытуды көздейді. Заң 3 негізгі мәселені шешуге бағытталған. Бірінші, ұлттық фильмдер өндірісіне қолдау көрсету; Екіншіден, ұлттық кино өнімдерін кеңінен прокатқа шығаруды қамтамасыз ету; Үшіншіден, қазақстандық киноны халықаралыққа нарыққа шығару, оның ішінде әлемдегі кинокомпаниялармен бірігіп өнім шығару”, - деді министр.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы аталған саладағы өзекті мәселені атады.

“Бұл саладағы ең басты проблема - кинотеатрлардың ашық жұмыс істемеуі. Бүгін сіз ( Арыстанбек Мұхамедиұлы - автор) заң жобасын таныстырдыңыз. Заң аясында “бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе” болады дедіңіз. Заңдағы 10-бапта фильмдерді мониторингтен өткізетін ақпараттық жүйе туралы айтылған. Мұнда мәселе Еуропа елдеріндегі сияқты автоматтандырылған ақпараттық жүйе туралы болып тұр ғой. Бүгін сіз АҚШ-тағы жүйені айттыңыз”, - деді ол.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, өткен жылы осындай жүйе Ресейдегі барлық кинотеатрда іске қосылған. Оның пікірінше, аталған жүйенің енгізілуі отандық кинотеатрлардың ашық жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

“Заңдағы («Кинематография туралы» заң жобасы - автор) 10-бапты “Автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу” деп нақты жазу керек. Оны барлық кинотеатрға енгізуді міндеттеу керек. Егер осы бизнесте болғың келсе, осы жүйені енгізу шарт. Талап сондай. Бұл пираттық фильмдермен күресуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді сөзін Нығматулин.

Еске сала кетсек, ҚР Парламенті Мәжілісінде «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының бірінші оқылымында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин елдегі фильмдерге «ұлттық» мәртебе беру барысында сұрыптау белгілеріне қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық фильмдердің барлығын сақтау қажеттілігі бар екенін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер