BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Мүгедектердің қамқоршыларына арнайы статус беру керек – депутат

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Үкіметтен мүгедек балалардың қамқоршыларына арнайы статус беріп, оларды бюрократиядан босатуды сұрады.

Мәжілісмен Магеррам Магеррамов елімізде бірнеше мәселе толық анықталмағанын айтты. Ол «мүгедектер арбасын пайдаланатын балалардың ата-аналары көліктерін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындарға қоя ала ма?» деп сұрады. Сондай-ақ, депутат мүгедек балалардың қамқоршыларында зейнетке ерте шығу бойынша жеңілдіктердің жоқтығын айтты.

«Мүмкіндігі шектеулі баласын қарап отырған әсіресе жалғыз басты аналардың тұрақты жұмысқа шығу мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты зейнетақы аударымдары да жасалмайды. Ал жұмыс істейтін ата-аналар баланың емі мен оңалтуымен байланысты кезектен тыс демалыс ала алмайды, мүгедек баласының күтіміне байланысты қысқартылған жұмыс күнін алуға да құқығы жоқ», - деді Магеррамов премьер-министрге жолдаған сауалында.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, ата-аналар қоғамдық көлікпен жеңілдікпен жүре алмайды. Оларда техникум мен жоғары оқу орындарына жеңілдікпен түсу мүмкіндігі жоқ.

«Мүгедек баланың қамқоршысына әлеуметтік статус беру мүмкіндігін қарастыруды және қамқоршылық алу тәртібін қайта қарауды сұраймыз. Бұған қоса, Даун синдромы, аутизм ерекшеліктері бар балалардың кәмелетке толғаннан кейін әрекетке қабілеттілігін анықтау туралы шешімдерін қайта қарауды өтінеміз", - деді Магеррам Магеррамов.

Оның айтуынша, мүгедектік тобын, атап айтсақ, Даун синдромын анықтау тәртібі мен нормативтерде бірқатар проблема бар.

«Көп жағдайда балаларға олардың жағдайына сәйкес келмейтін топ беріліп, соның кесірінен ата-аналар айқын дүниені дәлелдеп жүреді. Қамқоршылық құжаттарын рәсімдеуге жеті айдан тоғыз айға дейін уақыт кетеді, олар осы уақыт бойы жәрдемақыдан құр қалады. Даун синдромы мен аутизмі бар кәмелетке толғандарға тағы бір ай психиатриялық емханада жатуға тура келеді», - деп атап өтті депутат.

Бұдан бөлек, мәжілісменнің мәліметінше, қамқоршылардың банк карточкасын алу мүмкіндігі жоқ. Жәрдемақы банктегі шотқа аударылады, қамқоршы банкке келіп, жәрдемақы алу үшін ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.

«Алайда әуре-сарсаң мұнымен де аяқталмайды. Ай сайын қамқоршы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының атына банктегі шоттан белгілі бір соманы шешіп алуға рұқсат сұрап, өтініш жазуы тиіс. Өтініште ақшаның қайда жұмсалатыны толық жазылуы керек», - деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, мүгедек балаларды күтіп-бағып отырған қамқоршыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жолдары түбегейлі өзгертілуі қажет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер