BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Мемлекеттік функциялар бәсекелес ортаға берiлмек

Фото: astanatimes.com

Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Заң жобасында өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру үшін құқықтық негіз қаланған. Бұл құжатты қалыптастыру кезінде біз ЭЫДҰ елдерінің ең үздік практикасын зерделедік. Мысалы, АҚШ-та Биліктің федералдық органдарының функцияларын түгендеу туралы Заң қолданылады. Оған сәйкес атқарушы биліктің федералдық органдарына жыл сайын өзінің мәні бойынша мемлекеттік болып табылмайтын және жеке компаниялар жүзеге асыра алатын функцияларды айқындау жүктеледі», - дедi заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов.

Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасында мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің базалық тәсілдерін бекіту және Денсаулық сақтау министрлігінің функцияларын үкіметтік емес секторға беру көзделген.

«2016 жылы жүргізілген сараптама негізгі проблеманы – мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру өлшемшарттарының жоқ екенін және оның жүйесіздік сипатта екенін анықтады. Осыған байланысты, заң жобасында: мемлекеттік органдардың фунцияларын бәсекелес ортаға берудің мақсаттары, қағидаттары және тәсілдері; функцияларды іріктеу мен берудің өлшемшарттары, алгоритмі; функциялардың жүзеге асырылу сапасының мониторингі және сапасыз жүзеге асырылған жағдайда оларды қайтару тетігі; Үкіметтің және мемлекеттік органдардың өкілеттіктері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі; сондай-ақ функцияларды орындаушылардың құқықтары мен міндеттері; сонымен қатар, Үкіметтің жанында арнайы құрылған комиссияның функциялары айқындалады», - дедi Т. Сүлейменов.

Министрдiң айтуынша, жекелеген функцияларды бәсекелес ортаға беру қарастырылмаған. Мұндай функцияларға ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған функциялар, қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қорғау және т.б. функциялар жатады. Заң жобасында функцияларды бәсекелес ортаға берудің 5 тәсілі айқындалған, олар толық немесе ішінара беруді көздейді.​ Толық беру кезінде фунция тек функцияларды пайдаланушылардың есебінен жүзеге асырылады не толығымен өз-өзін реттейтін ұйымға өтеді. Бұл жағдайда фунция заңнамалық түрде мемлекеттік органның құзыретінен шығарылып, бәсекелес ортаға беріледі. Ішінара беруге қазіргі уақытта кеңінен қолданылатын аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік тапсырма арқылы функцияларды іске асыруға беру тәсілдері жатқызылған. Аталған тәсілдер қолданыстағы заңнамамен реттелгендіктен Заң жобасында мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңдарға және Қаржы кодексіне сілтеме нормалар көзделген.

«Бұдан басқа, Заң жобасында бәсекелес ортаға Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттану дәрежесін айқындау бойынша функциясы беріледі. Қазіргі кезде функцияны Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы жүзеге асырып келедi. Объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында аталған функцияны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдарға беру ұсынылады. Заң жобасында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске түзетулер енгізу көзделген. Осылайша, Заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізiлмек», - дедi Тимур Сүлейменов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер