BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Медицина қызметін дамытуды көздейтін заң жобасы мақұлданды

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің бірінші оқылымында «ҚР-сының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов таныстырды.

«Мемлекет басшысы мен үкімет алға қойған басым міндеттерді орындау мақсатында министрлік аталған заң жобасын әзірледі. Жалпы заң жобасымен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» кодекске, «Қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерге және әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске түзетулер енгізу көзделеді», - деді ол.

Осы орайда министр аталған құжат медицина саласындағы қандай бағыттарды дамытуды көздейтінін айтты.

«Заң жобасының негізгі бағыттарына: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін және медицналық сақтандыру пакетін енгізу; медициналық ұйымдарға корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын енгізу; қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерін жетілдіру; медициналық білім беру және ғылым жүйесін жетілдіру, медицина кадрларын даярлау сапасын арттыру жатады», - деді Елжан Біртанов.

Сондай-ақ ведомство басшысы заң жобасы сапалы медициналық қызметкерлерді дайындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Медициналық білім беру және ғылым жүйесін жетілдіру, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында заң жобасымен жоғары оқу орындарында медициналық білім беру және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестік енгізіліп отыр. Осы орайда денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдардың және медициналық білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық кадрлардың, білім алушылардың білім деңгейі мен дағдыларын бағалау жүйесін енгізу көзделеді», - деді министр.

Сонымен қатар ол аталған мақсатқа жету үшін жоғары оқу орындарының жанында университеттік клиникаларды құру жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Интеграцияланған академиялық медицина орталықтарын және Nazarbayev University ұқсас университеттік клинакаларды құру механизмі арқылы ғылыми практиканың және білім берудің жоғары деңгейін қамтамсыз ету көзделеді», - деп түйіндеді сөзі Біртанов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер