BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Мәжілісте мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановты еске алу шарасы өтті

Фото: Автор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ІІІ-V шақырылым Мәжіліс депутаты, ІІІ-ІV шақырылым Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановты еске алуға арналған конференция өтті.

Іс-шара Орал Мұхамеджановтың туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Сонымен қоса, Мәжіліс үйінде Мұхамеджановтың өмірі мен қызметіне арналған фотокөрме назарға ұсынылды.

Еске алу шарасын ашқан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Орал Мұхамеджановтың еңбек жолындағы үлкен белестің бірі – парламентте жұмыс істеген жылдары.

«Ол Мәжілісте бірнеше шақырылым депутаты болды. Баршаңызға белгілі, екі рет Мәжіліс төрағасы болды. Осы уақыт ішінде палата жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, халқымызға, елімізге қажетті маңызды заңдар қабылдауға зор ықпал етті. Орал Мұхамеджанов ұсыныстарын жасап, бастамашы болған көптеген жұмыстар әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Оның ардақты есімін бұрынғы және кейінгі депутаттарымыз қашанда үлкен құрметпен еске алып жүретін болады», - деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, Орал Мұхамеджанов сөзге шешен, ешкімнен көмегін аямайтын, қарапайым, адамгершілігі жоғары адам болған.

«Жан-жақты қабілеті зор, мақсатқа берік, қызметке адал болған Орал Байғонысұлының елеулі еңбектері Қазақстанның, соның ішінде Мәжілістің тарихында қалатыны әрине сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі еске алу конференциясы Орал Байғонысұлы сияқты жақсы адамдардың жұлдызын жоғары ұстауға тәрбие беретін маңызды жұмыстардың бірі деп ойлаймын», - деді Нұрлан Нығматулин.

Іс-шараға парламент депутаттары, министрлер, қоғам қайраткерлері, Орал Мұхамеджановтың отбасы, туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Мұхамеджанов Орал Байғонысұлы (11.11.1948 – 15.10.2013) – Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері. ІІІ-V шақырылым Мәжіліс депутаты, ІІІ-ІV шақырылым Мәжіліс төрағасы. «Құрмет», «Парасат», «Достық» (РФ), «Содружество» (ТМД ПАА) ордендерімен марапатталған.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер