BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Мәжілісте Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесін айқындау туралы заң жобасы мақұлданды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы жөнінде Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді баяндама жасады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бұл шартқа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен үш елдің сыртқы саяси ведомстволар деңгейінде 2017 жылғы 10 қарашада Самарқанд қаласында қол қойды. Шарттың басты мақсаты Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесін айқындау болып табылады. Осы үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесі Үстіртте орналасқан. Шекаралардың түйісу нүктесі орналасқан жері және шекара сызығының өтуі шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Түйісу нүктесінің орналасқан жері және түйісу нүктесінің ауданында шекара сызығының өтуі сипаттамасында, түйісу нүктесі ауданының картасында көрсетілген», - деді Тілеуберді.

Ол шарттың үшінші бабына сәйкес ратификациялауға жататынын және ратификациялау грамоталарын алмасқан күннен бастап күшіне енетінін атап өтті.

«ҚР Халықаралық шарттары туралы 2015 жылғы 30 мамырдағы заңына сәйкес ол ратификациялауға жатады. Шарт мерзімсіз болып табылады. Шартты ратификациялау және оның күшіне енуі Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан мемлекеттік шекаралық делимитациялау процесін аяқтауға, түйісу нүктесінде аудандық, аумақтық даулардың туындауын алдын ала жоюға, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді», - деп түсіндірді ол.

СІМ бірінші орынбасарының айтуынша, бұған дейін шекаралық түйісу нүктесі бойынша 1999 жылғы 5 мамырда Қазақстан-Қытай-Ресей арасында, 1999 жылғы 29 тамызда Қазақстан-Қытай-Қырғызстан арасында, сондай-ақ 2001 жылғы 15 маусымда Қазақстан-Қырғызстан-Өзбекстан арасында халықаралық шарттар жасалған. Осылайша осы шарт Қазақстанның мемлекеттік шекарасын делимитизациялауды толығымен аяқтайтын соңғы құжат болмақ.

Сондай-ақ, ол түйісу нүктесінің координаттық жүйесін үш мемлекет бірге қабылдайтынын атап өтті.

«Координаталарды үш мемлекет қабылдауы қажет. Сондықтан біз осы шартқа пайдалынып жатқан координаталар жүйесін келістіріп отырмыз. Өзбекстан тарапынан енгізілген ұлттық координаталар жүйесін пайдалануға болмайды, өйткені ол біздің мемлекетіміз бен Түрікменстанда қабылданбайды. Бұл шартта үш мемлекеттің ғана қабылдайтын жүйесін пайдаландық», - деді Тілеуберді.

Ал Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евнеевтің айтуынша, аталған жоба есептер бойынша бес жылға арналған. Ал оны жүзеге асыруға қажетті қаржы сомасы есептеліп жатыр.

Депутаттар дауыс берген соң аталған заң жобасы мақұлданды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер