BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Қордай бекетіндегі ұзын-сонар кезекті жою керек - Нығматулин 

Қазақстан - Қырғыз шекарасындағы бақылау-өткізу пунктерінде жыл сайын қалыптасатын ұзын-сонар кезектерді жою керек. Бүгін Мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин тиісті мемлекеттік органдарға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Қазақстан - Қырғыз шекарасының бойында 8 шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қордай жəне Қарасу бақылау-өткізу пунктерінде жыл сайын жолаушылар мен көлік құралдарының санының өсуі байқалады. Əсіресе, мұндай көлік ағыны курорттық маусым кезінде артады. Мəселен, жолаушылар мен автомашиналардың жазғы айларда өту қарқыны екі есе ұлғаяды. Нәтижесінде, екі елдің азаматтары ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Екі елдің шекарасы арқылы жолаушылар мен машиналардың өткізу жұмысын оңтайландыру бойынша сіздер жақтан қандай іс-шаралар қолданылып жатыр?", - деп сұрады Мəжіліс депутаты Зəуреш Аманжолова Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің басшысы, генерал Дархан Ділмановтан.

Ділманов Қазақстан -Қырғыз шекарасында қазір 8 шекара бекеті жұмыс істейтінін растады. Олардың жетеуі - автомобиль пункті, біреуі - теміржол бекеті. Негізгі өткізу пунктері - Қордай, Ауқатты мен Сортөбе.

"Жазғы демалыс кезінде Қордай бекетінде екі елдің азаматтары көп жиналады. Осыған орай, біз паспорттық бақылау желісін арттыру бойынша шаралар қабылдап отырмыз. Қазір біз құжат тексеретін терезені 36 бірлікке дейін ұлғайттық. 18-і келетіндерге, ал 18-і кететіндерге арналған. Бұл жеткілікті", - деді Дархан Ділманов.

Дегенмен, Мəжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл жауапқа қанағаттанбады.

"Бұл жеткілікті ме? Себебі, биыл да сонда бірнеше шақырымдық кезектер қалыптасты. Биыл сіздер кезекті көбейттіңіздер. Бұқаралық ақпарат құралдары сол жерден репортаждар жасады. Сіздердің барлық қызметкерлеріңіз "ұлғайттық" деп есеп берген болатын. Бірақ, кезектер сол күйінде қалып отыр" - деді Нығматулин.

Ділмановтың айтуынша, олар қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланған. Дегенмен, реконструкциядан кейін ол жерде 60-қа жуық паспорт тексеретін орын орнатылмақ. Жобалық - сметалық құжаттама бар. Сəйкес өтінімдер берілген. Инвестициялар жəне даму министрлігі аталған өткізу пунктін реконструкциядан өткізбек. Сол себепті 2019 жылы жағдай жақсаруы тиіс.

"Сіздерге шекарадағы пунктерді кеңейту керек. 21 ғасырға сай жағдай жасауларыңыз қажет. Себебі, сол бекет арқылы өтетін азаматтар жиі шағымданады. Егер сондағы өткізетін бөлме 3/4 көлемінде болса, ол жерге қанша инспектор қойсаң да, көп адам өткізе алмайсың. Сондықтан, көктемнен күзге дейін ұзын-сонар кезек қалыптасады. Проблема бəріне мəлім. Сондықтан, бізге жұмыстың нəтижесі керек", - деді Нұрлан Нығматулин.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бұл проблема жыл сайын көтерілетінін айтты.

"Бұл өзекті мəселе. Оны біз жиі қарастырамыз. Біз қандай да бір ортақ бірлескен шешімге келуіміз керек. Сондықтан, бұл мəселені енді келіссөздер барысында үкіметаралық деңгейде шешеміз", - деп сендірді Мұхтар Тілеуберді.

Атап өтсек, бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында Мəжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан - Қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы" ҚР Заңының жобасын мақұлдаған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер