BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Қазақтың ақбас сиыры еліміздің брендіне айналуы керек – депутат

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Мәжіліс үйінде Аграрлық мәселелер комитетінің отырысы өтіп, елімізде ақбас тұқымды ірі қара мал өсіру тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Жексенбай Дүйсебаев қазақтың ақбас сиыры 1930 жылдан бастап өсірілгенін айтты. Оның мәліметінше, 1930-1950 жыл аралығында қазақтың ақбас сиыры көптеп өсіріліп, ол асыл тұқымды болып бекітілген.

«Сонда қарасаңыз, асыл тұқымды малды шығару үшін 20 жыл уақыт кеткен. Қанша тер төгілгенін, қанша жұмыс атқарылғанын өздеріңіз ойлап көріңіздер. Сондықтан, қазақтың ақбас сиыры біздің елімізде, жерімізде ең құнды малдың бірі саналады. Бұл мал біздің жайылымға, шөлейтімізге, қысымыз бен жазымызға, бәріне төзімді. Оны еліміздің кез келген өңірінде өсіруге болады. Оған жағдай да, жайылым да бар. Бір ерекшілігі ақбас сиыр -ауруға да берілмей, өнімін де еселеп арттырып, сол арқылы өзінің сапалы етімен танылған малдың бірі. Бұл біздің қазағымыздың брендіне айналуы керек. Сол үшін біз - Мәжілістің бір топ депутаттары, аграрлық комитет осы мәселені қолға алып жатырмыз», - деді мәжілісмен тілшілерге берген сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, 1950 жылы қазақтың ақбас сиыры 388 мың бас болған екен. Ал, 1970-ші жылдардың ортасында, 90-шы жылдардың басында бұл асыл тұқымды малдың саны сәйкесінше 1 млн, 1 млн 300 мыңға дейін жеткен. Өкінішке орай, қазіргі уақытта олардың тек 270 мыңы ғана қалған.

«Олардың күрт азаюының себебі көп. Өтпелі кезең, нарықтық экономикаға ауысу, шаруашылықтардың жекешелендірілуі, асыл тұқымға өз деңгейінің берілмеуі және тағы басқа. Егер де бізде сол 1 млн қазақтың ақбас сиыры болса, бүгінгі таңда біздің көптен бері айтылып жүрген экспорттық әлеуетіміз әлдеқайда артар еді. Енді бұл жағдайдан біз көтеріліп, әрі қарай дамытып, тұқымды жоғалтып алмай, асылдандыруымыз қажет. Ол үшін асыл тұқымды зауыттарымызды ашып, шаруашылықтарымызды көбейтуіміз керек. Қысқасы, қазақтың ақбас сиырын еліміздің брендіне айналдыруымыз қажет», - деп түйіндеді Жексенбай Дүйсебаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер