Бюджет кірісі әлі де болса шикізат секторына тәуелді – Сұлтанов - Парламент|11 Маусым 2018, 16:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 360.12 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 409.67 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.33
Астана:

Бюджет кірісі әлі де болса шикізат секторына тәуелді – Сұлтанов

Фото: ult.kz

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Парламент Сенатының отырысында ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде көтерген негізгі мәселелер туралы айтып өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Үкімет есебін талқылау кезінде бюджет кірісі әлі де болса шикізат секторына тәуелділігі, салықтардың базасын кеңейту, салық тексерулерінің тиімділігі және оларды әкімшілендіруді жетілдіру сияқты жүйелі мәселелер көтерілді. Бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайдың арқасында 2017 жылы 72 мыңға жуық салық төлеуші экономикалық айналымға тартылды. Ал, шағын және орта бизнес саны 6,4 %-ке, яғни 12 117 заңды тұлғаға өсті», - деді Сұлтанов.

Ол өткен жылы Үкіметте «Салықтардың түсімін арттыру» жоспары қабылданғанын атап өтті. Оны іске асырудың нәтижесінде өткен жылы ЖІӨ шаққандағы салықтық түсімдердің төмендеу тренді күрт өзгерді. Егер де бұл көрсеткіш 2016 жылы 15,2%-ке дейін төмендесе, есепті жылы ол жоспардағы 15,8% орнына 16,8%-тен асып түсті.

«Көлеңкелі экономикамен күрес шеңберінде жанама салықтарды әкімшілендіруді жақсартуда біраз жұмыс атқарылуда. Мәселен, кеден саласында импорт операцияларының уақытын қысқарту үшін «Астана-1» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Тауар айналымын және қосымша құнның өсуін қадағалау үшін пилоттық режимде тауарларды таңбалау жобасы іске асырылуда. Осы жылдың тамыз айында Blockchain технологиясын қолдана отырып, осы салықтың орындалуының айқындығын қамтамасыз ететін жобаның тұсаукесерін өткізгелі отырмыз. Жобаның мәні – салық төлеушілердің қаржылық транзакцияларын онлайн режимінде қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару», - деді министр Сенат отырысында.

Оның айтуынша, квазимемлекеттік субъектілерді тиімді басқару аясында екенін айтты теріс нәтиже көрсеткен компаниялар саны азайған. Олардың саны 2014 жылы 57-ден 2016 жылы 35-ке дейін азайды. Сондай-ақ ол компаниялардың теріс нәтижеде жұмыс атқаруының негізгі себептерін атап өтті.

«Біріншіден, бірқатар компаниялардың негізгі қызметтері қалыптасу кезіңінен өтуде, яғни инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, алайда өндірістік қуаттылыққа әлі шықпаған. Екіншіден, біраз кәсіпорындар кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын коммерциялық емес ұйымдарға жатса, кейбірі төмендетілген тарифтермен қызмет көрсетуде. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп осы компаниялардың даму бағдарламаларындағы көрсеткіштерін талдау арқылы шығындарының себептерін анықтау жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыс Үкімет тарапынан бақылауда», - деді Қаржы министрі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер