BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 327.42 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 383.51 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

Қазақстанда бетті тұмшалауға тыйым салынуы мүмкін

Фото: ашық дереккөзден

Мәжілісте қара жамылуға тыйым салатын заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгін Парламенттің төменгі палатасында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыға салынды. Аталған құжатты депутаттарға дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев таныстырды.

«Мемлекеттің діни бостандығын қамтамасыз ету саласындағы құқықтық базасы әлемдік демократиялық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. Мұны осы бағытта зерттеу, тексеру жүргізетін халықаралық, құқықтық ұйымдар да, сарапшылар да растайды. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан геосаяси, діни ахуал, экстремизм мен терроризмнің күшеюі дін саласындағы ұстанымдар мен нормативтік, құқықтық нормаларды жетілдіруді талап етіп отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпейді. Кәлетаевтың пікірінше, дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған қадамдар мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ауадай қажет.

Кейін ведомство басшысы аталған заң жобасындағы маңызды нормаларға тоқталды.

«Заң жобасын үш блокка бөлдік. Бірінші блокқа дінді деструктивті мақсаттарға қолдануға жол бермеуге бағытталған түзетулер кіреді. Атап айтқанда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Бұл ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу арқылы сырттан елімізге жат идеологияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген», - деді ол.

Сонымен қатар, министр заң жобасының тағы бір маңызды бөлігіне тоқталды.

«Нормалардың екінші жиынтығы діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылау бойынша ережелерді қамтиды. Жобада мемлекеттік қызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты бірқатар талаптар нақтыланған. Жобаға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде көзделген үш шектеу енгізілген. Атап айтқанда: өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау; өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу; діни бірлестікті құруға бастамашы немесе оның мүшесі болмау. Тиісті норманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізу ұсынылады», - деді ол.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, аталған заң жобасы аясында діни ахуалға мониторинг жүргізу бойынша жергілікті атқарушы органдарға жаңа міндеттер жүктеледі.

«Бүгінгі таңда облыстардың, Астана және Алматы қаласы әкімдіктерінің Дін істері басқармалары діни ахуалды, сондай-ақ өңірде әрекет ететін діни бірлестіктердің, миссионерлердің, діни білім беру ұйымдарының қызметін зерделеу құқығына ие. Алайда, аудандық деңгейде мұндай өкілеттік жоқ. Ал, аудандық әкімдіктер дін саласындағы мәселелермен айналысады, соның ішінде өңірдегі діни ахуалға талдау жүргізеді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырады. Осыған байланысты, аудан әкімдіктеріне аталған құзыретті заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады», - деді министр.

Сондай-ақ, ол аталған құжат атеистердің де құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.

«Заңнамаға дінге көзқарасына қарамастан азаматтардың, соның ішінде дінге сенушілер мен сенбейтіндердің тең құқығын қамтамасыз ету бойынша нормаларды енгізу ұсынылады. Мұны Қазақстанның халықаралық-құқықтық міндеттемелері талап етеді. Бұл бойынша ескертуді Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті берген. Бүгінгі таңда шамамен 14,5% қазақстандық өздерін атеистер немесе агностиктер ретінде көрсетіп отыр. Олардың құқықтары дінге сенушілердің құқықтары қорғалатын деңгейде қорғалуы тиіс», - деді ол.

Дархан Кәлетаев заң жобасы аясында кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау деңгейі күшейетінін, әрі шетелдерде діни білім алу реттелетінін жеткізді.

«Балалар мен жасөспірімдерді ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салттар мен жораларға тартпауды нормативтік тұрғыда бекіту ұсынылады. Шетелдерде діни білім алу реттелетін болады. Жобаға Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерде діни білім алуына елімізде жоғарғы діни білім алғаннан кейін ғана жол берілетіні туралы норма енгізіледі», - деді министр.

Ұзақ талқылаулардан кейін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутаттар мақұлдады. Заң жобасы 12 заң актісіне, соның ішінде 3 кодекс пен 9 заңға 53 түзету енгізу көзделеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер