BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Азаматтардың сот әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол бермеу керек - Тоқаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін одан әрі жаңғырту» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауларда құқық қорғау саласын дамыту жолдарын ұсынды.

«Бірінші, Үкімет алдында қызмет көрсетудің сервистік моделін негізге ала отырып, құқық қорғау органдарының азаматтармен заманауи форматта жұмыс істеу жүйесін жедел қалыптастыру міндеті тұр. Қызмет көрсетудің сервистік моделі негіз ретінде алынуы тиіс. Екінші, арыз тіркелгеннен бастап сот шешімі шығарылғанға дейін істерді қараудың барлық сатыларын жаппай цифрландыру қажет. Цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың орын алуын азайтып, онлайн режимдегі қолжетімді кері байланыс орнатуда шешуші рөл атқарады. Үшінші, цифрлық технологиялардың көмегімен азаматтарды полицияның және соттың қызметін бағалау жұмысына кеңінен тарту қажет. Азаматтардың жоғары сенімі мемлекет жүргізіп отырған саясаттың тиімділігін айқындайтын тікелей көрсеткіш болып табылады. Жалпы жұмыстың сапасы істердің уақтылы және сапалы қаралуы бойынша және азаматтардың талап-тілектерінің тиісті деңгейде орындалуы арқылы бағалануы тиіс», - деді Тоқаев.

Сенат төрағасының айтуынша, төртіншіден, қылмыстық істер бойынша процессуалдық шешімдерді қабылдауда әділдікті қамтамасыз етіп, тәуелсіз және әділ сот жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ сот ісін жүргізудің жеделдігі мен анықтығын арттыру қажет.

«Бесінші, адвокаттардың процессуалдық мүмкіндіктерін кеңейту арқылы айыптаушы мен қорғаушы тарап арасындағы сөз жарыстыру қағидатының орындалуын одан әрі нығайта түсу керек. Алтыншы, тегін құқықтық көмек көрсетудің ең төменгі стандарттарын, көрсетілген қызметтерді бағалаудың әділ жүйесін белгілеу керек. Бұл нарықтағы бәсекелестікті дамытуға және оның сапасын арттыруға күшті серпін берері анық. Жетінші, тараптардың өзара бітімге келуі және келтірілген зиянның орнын толтыруы негізінде сот төрелігінің қалпына келтіруші сипаттағы жаңа форматтарын дамыту қажет, сондай-ақ, істі жедел жүргізуге және істі қарау уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін қылмыстық істер ауқымын кеңейту керек», - деді ол.

Сенат төрағасының мәліметінше, сегізіншіден, өкілеттіктердің қайталануын және қызмет шеңберінен тыс функцияларды барынша шектеу қажет, сотқа дейінгі тергеу, қадағалау және сот органдары арасындағы міндеттердің нақты белгіленуін қамтамасыз ету бойынша жан-жақты жұмыс жүргізу керек.

«Қылмыстық процесс – бұл адамның құқықтары мен бостандығына билік көбірек ықпал ететін тәуекелі жоғары сала. Сондықтан дамыған елдерде жазықсыздық презумпциясына негізделген ізгілік, адамның жеке басына және меншікке қол сұқпаушылық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттар ретінде тарихи тұрғыда орныққан. Азаматтардың құқық қорғау органдарының жұмысына және соттың әділдігіне сенімсіздікпен қарауына жол беруге болмайды. Мұндай жағдай қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізері даусыз. Қылмыстық-процестік заңнама азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негізделуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Сенат төрағасы негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау - қазіргі өткір сұрақтардың бірі екенін айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер