BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Ауыл тұрғындары мал ұрлағандарды өздері ұстап, жазалауға мəжбүр - Бектас Бекназаров

Астана, Baq.kz тілшісі. Бүгін Сенатта "Мал ұрлаудың алдын алу, болдырмау жəне шешу жолдары" атты дөңгелек үстел өтті. ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров елімізде мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтты.

Сенатор жақында депутаттардың өңірлерді аралап, халықпен кездесіп келгенін еске салды. Өзі де биыл үш облыстағы ауыл тұрғындарымен жүздескенін айтты.

"Сол жерде көтерілетін мəселе, халықтың бізге қоятын сұрақтарының негізгі бөлігі осы мал ұрлығын тоқатуға байланысты, мемлекеттің қазір бұған əлсіздік көрсетіп отырғандығы. Ауылдың жағдайын біз бәріміз білеміз. Ауылда жұмыс жоқ. Бала-шағасын асырап, бір бұзаулы сиырын, 5-6 қойын ұстап отырған ауыл тұрғыны үшін бұл ұрлықтың келтіріп жатқан зияны орасан зор. Соған қарамай қазір бұл ұрлыққа кінəлі адамдардың көпшілігі бостандықта, жазасыз қалып отыр. Біз бұның алдында бұл қылмыстардың кейбір түрін гуманизация деп, орта дәрежелі қылмыстарға ауыстырған кезде үлкен қателік жіберген сияқтымыз", - деді Бекназаров.

Сенатор газ не мұнай құбыры ұрлығы бөлек қылмыс құрамы ретінде Қылмыстық кодекске енгізілгенін айтты.

"Ал мына ұлан аймақта жатқан Қазақстан халқы үшін, күнделікті күнін көріп, бала-шағасын, жанұясын асырап отырған малдың жағдайы қандай? Газдың, мұнайдың рөлі қандай? Бізде қазақ "мал ашуы-жан ашуы" дейді. Қазір осы заңның əлсіз болуынан кейбір өңірлерде адамдар заңға сенуден қалып, кінəлілерге өз бетінше шаралар қабылдап, оларды ұстап, жазалай бастаған", - деді Бектас Бекназаров.

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары отандық телеарна бұл мәселені көрсеткенін айтты. Жамбыл облысы Шу ауданында адамдар бір топ ұрыны ұстап, жертөлеге қамап, ұрып-соғып жазалаған.

"Бұл заңның əлсіздігін көрсетіп отыр. Сондықтан, біз бұл мəселені жақсылап талқылап, зерделеп, қарайық, сөйтіп ертең елге барғанда, ауылға барғанда біз "мемлекет тарапынан осындай шаралар қолданылады, елді тас кенедей қинап жатқан ұрлыққа қарсы осындай шара қолданып жатырмыз" деп айта алатын болайық. Ертең елге барғанда біздің бетіміз ашық болсын", - деді Бекназаров.

Сенатор Əділет министрлігінің "мал ұрлығандарға қатысты жазаны күшейту керек емес, бұл қылмыстық жаза қолданылатындар санын ұлғайтады" деген пікірімен келіспейтінін айтты.

"Біз барымтамен сонау замандардан бастап күресіп келе жатқан халықпыз. Ал енді бұны осы күйінде қалдыру - біздің жұмысымыздың, əсіресе, заң шығаратын органдар, құқық қорғау органдары жұмысының дəйексіздігін көрсетеді. Біз бұл мəселені əрі қарай созбай, нақты шешімге келейік" , - деп түйіндеді Бектас Бекназаров.

Бұған дейін сенатор шекаралас облыстарда мал ұрлығы өршіп тұрғанын жəне елімізде барымташыларға қолданылатын жазаны күшейту керектігін айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер